"Capital Bank Kazakhstan" салымшылары төлемдерін 3 шілдеден бастап ала алады

0
342

Агент банк ретінде "Еуразиялық банк" АҚ таңдап алынды.


ERNUR.KZ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) "Capital Bank Kazakhstan" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем 2021 жылдың 3 шілдесінен бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықта жүзеге асырылатындығын жеткізді, деп жазады zakon.kz.

Агент банк ретінде "Еуразиялық банк" АҚ таңдап алынды.

"Capital Bank Kazakhstan" АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер кепілдік берілген өтемді алуға құқылы. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініштер қабылдау және өтем төлеу операциялары агент банктің бөлімшелерінде жүргізіледі.

"Capital Bank Kazakhstan" АҚ филиалдарының тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында орналасқандығына қарамастан, салымшыларға ыңғайлы болуы үшін агент банк өтініштерді Қазақстанның басқа да елдімекендерінде қабылдайтын болады. Агент банктің филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі туралы ақпарат Еуразиялық банктің www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде мына телефон нөмірлері арқылы қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722.

Назар аударыңыздар, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша эпидемиялогиялық ахуалға сәйкес Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары "қызыл" аймаққа енгізілді. Сондықтан агент банктің осы қалалардағы бөлімшелері алдағы демалыс (мереке) күндері жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл ретте салымшылар өтем алу үшін басқа кез келген күндері өтініш бере алады.

ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне барудан алдын, оның сайты арқылы бөлімшелердің жұмыс істеу тәртібі және қаншалықты жұмысбасты екендігін алдын ала біліп алуға кеңес береді.

Өтемді алу үшін салымшы өтініш толтырып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.

Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы. Бұл ретте агент банк төлем алуға өтінішті бөлімшеге келмей-ақ, www.eubank.kz сайтында онлайн түрінде беруге кеңес береді. Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады.

Еске саламыз, кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте кепілдік сома:

теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні – 2021 жылғы 25 маусымда белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

"Capital Bank Kazakhstan" АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

Егер салымшы төлем басталған күннен бастап бір жыл ішінде (2021 жылдың 3 шілдесінен бастап 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін) өтем алуға өтініш бермесе, онда талап етпеген ақшасы оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.

Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі өткен соң, дәлелді себептері бар салымшылар, тікелей Қорға жазбаша түрде кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш бере алады. Бұл үшін олар өтем төлеу мерзімі кезінде өтініш беруге кедергі болған жағдайлардың бірінің болғанын растайтын құжаттарды қоса ұсынады. Дәлелді себептердің тізімі "Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы" ҚР Заңында қарастырылған.

Депозиттерінде Қор тарапынан сақталуына кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін салымшылар, банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, "Capital Bank Kazakhstan" АҚ тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы.

Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасы арқылы хабарласа алады.