"Дәметкеннен алқымым ісіп кетті": Омар Жәлел атақ алу үшін ақша беріп, сан соғып қалды

0
738

Әдебиет өкілі ұсынған ақша мен атаққа қызығып қалғанын жасырмайды.


ERNUR.KZ. Белгілі абайтанушы Омар Жәлел алаяқтарға алданып қалды. Олар атақ алып береміз деп ақша сұраған. Құжат жинауға керек деген қаражатты да аударып үлгерген, деп жазады stan.kz.

Әдебиет өкілі ұсынған ақша мен атаққа қызығып қалғанын жасырмайды.

“Бұл ашкөздік дегенді қойсайшы: “Сізді қоғам қайраткері деген атаққа ұсынайық деп едік” деп хабарласты Алқа Шаяхмет қарындасым. “7 миллион теңге аласыз. Ешкімге айтпаңыз. Ешкім білмесін. Өзім коммисияның мүшесімін. Алла қаласа Тәуелсіздік күнінің қарсаңында алып қаларсыз” деді “жанашыр” қарындасым. Содан ашкөздігім оянып, белгісіз бір рақат сезімі билеп “құжат жинауға керек” деген сомасын басқа бір орыс тілді әйелдің атына аударып та жібердім. Тәуелсіздік күні де келіп жетті: атақ та жоқ, ақша да жоқ. Отырған сол дәметкеннен алқымым ісіп. “Енді не болды, қарындасым?” деп хабарлассам, “жылдың соңына дейін күтіңіз” дейді. Үмітсіз шайтан деп, отырмын енді күтіп. Бір мен ғана емес, қасымда “Дарын” сыйлығынан үміткер тағы екі адам бар: олар 5 миллионнан аламыз деп күткен екен”, – дейді абайтанушы.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі Омар Жәлелді қолдаса, енді бірі атақты ақша сатып алатынын сынап жатыр. “Атақ аламын деп ақша бергеніңіз үлкен ақымақтық екен сіздікі. Ол әншейін қағаз, ешкімге керегі жоқ төсбелі қалады әр жерде. Атақты халықтан сұраңыз, халық мойындаса еш жерде қалмайсыз” дейді бір оқырман. “Абай мен Шәкәрімнің шәкірті атақтан құр қалған емес. Ақша беріп, атақ алмай-ақ қойыңыз” дейді кезекті желі қолданушысы.