742 фактіні ішкі істер органдары, 111-ін Экономикалық тергеу қызметі анықтады.
Осы жылдың 5 шілдесі мен 3 тамызы аралығында дәрі-дәрмек бағасын көтерудің 522 фактісі анықталды. Сонымен қатар, оларды заңсыз сату мен дайындаудың 338 фактісі белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, елде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуал аясында жекелеген препараттарға жоғары сұранысты пайдалана отырып, кейбір сатушылар дәрі-дәрмекті бөлшек саудада өткізу үшін белгіленген шекті бағаларға қарамастан, оларды жоғары бағамен сата бастаған (қайта сату).
Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сату саласында барлығы 869, оның ішінде 10 қылмыстық және 745 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Аталған санның 742 дерегін ішкі істер органдары, 111-ін Экономикалық тергеу қызметі, 14-ін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және 2-ін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі анықтады.
Мысалы, ішкі істер органдары Нұр-Сұлтан қаласындағы дәріхананың қосалқы үй-жайынан түрлі дәрінің 2811 орамасын, дәрі құюға арналған 2650 құралды, 400 дана бетперде мен 15 литр антисептикті заңсыз сату фактісін анықтады, ал дәріхананың өзінде олар сатылмаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 7,4 млн медициналық масканы заңсыз сату фактісі бойынша, сондай-ақ, өкпені жасанды желдету аппараттарын жоғары бағамен сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқырған Қостанай және Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау органдарының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді тергеуде.
Экономикалық тергеу қызметі Алматы қаласында жалған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды басқа тауар белгісін пайдалана отырып, заңсыз өндірісті жолға қойған үш тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғады. 17 түрлі 60 мың дана контрафактілік дәрі-дәрмек тәркіленді.
Бұдан басқа, құқық қорғау органдары дәрі-дәрмек өндірушілер мен жеткізушілердің арасында бағаға қатысты сөз байласу, оларды емдеу мекемелерінен жымқыру, гуманитарлық көмекті сатуға жол бермеу бойынша іс-шаралар жүргізуде.
Бұл ретте құқық қорғау органдарының өзіндік қауіпсіздік бөлімшелерінің жұмысы аталған іс-шараларды орындау кезінде жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға және адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеуге бағытталған.