Дәрігер қабылдауына жазылу: полиция алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертеді

0
179

Алаяқтар дәрігерге жазылу деген желеумен азаматтардың жеке деректерін қолға түсіруге тырысады.


Дәрігер қабылдауына жазылу: полиция алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертеді

© Photo : Официальный сайт президента Казахстана

ERNUR.KZ. Абай облысы полиция департаменті азаматтарды медициналық қызметтерді пайдалану кезінде алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады, деп жазады sputnik.kz.
Полицияныңхабарлауынша, соңғы уақытта виртуалды алаяқтар өздерін емхана, медициналық мекеме немесе тіркеу қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, дәрігер қабылдауына жазу немесе кезекке қою үшін көмектесеміз деген желеумен хабарласады.
Осы кезде азаматтардың сеніміне кіріп, "Aitu Passport" сияқты цифрлық қосымшаларға кіру үшін SMS арқылы келетін кодты айтуды сұрайды. Aitu Passport – Aitu экожүйесіндегі бірыңғай авторизация қызметі және бұлттық ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қою құралы. Мұндай кодты ешкімге айтуға болмайды, себебі ол жеке деректеріңіз бен электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Полиция азаматтарға ешбір ресми медициналық мекеме немесе мемлекеттік орган қызметкері SMS арқылы келген құпия кодтарды сұрамайтынын ескертеді. Егер сізден осындай ақпарат талап етілсе, әңгімені дереу тоқтатып, күмәнді қоңырау немесе хабарламаны елемеген жөн.
Абай облысы полиция департаменті виртуалды алаяқтардан қорғанудың бірнеше жолын ұсынады:
SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге, тіпті таныс адамға да айтпау;
Бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақ болу;
Ресми медициналық қызметтерді тек ресми қосымшалар мен сайттар арқылы пайдалану;
Күмәнді жағдай туындаса, бірден полицияға немесе тиісті байланыс орталығына хабарлау.