​Дәрігерлер қазақстандық «Ник Вуйчичке» аяқ салып бермек

0
1 187

Дүниеге келгенде аяқтары жоқ болып туған қазақстандық Әли Әміров протезбен жүріп кетуі мүмкін.


​Дәрігерлер қазақстандық «Ник Вуйчичке» аяқ салып бермек

Фото: instagram ali_amir_happy

ERNUR.KZ.Дүниеге келгенде аяқтары жоқ болып туған қазақстандық Әли Әміров протезбен жүріп кетуі мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әли үшін уайымдап жатқан жандарға жақсы жаңалық бар. Біздің Әли аяқтан тік тұрып, жүріп кететін болады. Қазір бұл процесс жүріп жатыр. Бізге қажетті соманы жинау қажет. Қорлардың, әкімнің, халықтың көмегімен барлығы ойдағыдай болады деп үміттенемін», - деп хабарлады Әлидің анасы Ақмарал ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы.

Ол Әлидің аяғына протез қоюды Ыстанбұлдағы «Ортопорт» түрік компаниясының өз мойындарына алғандарын жеткізді.

«Біз алғашқыда Германиядағы клиникамен байланыстық. Олар 52 мың еуро болатынын айтты. Кейін бізге Түркиядағы «Ортопорт» компаниясынан ұсыныс түсті. Олар Әлиге протезді 33 мың долларға жасап беруге келісті. Бізге жеңілдік жасағандары үшін алғысымыз шексіз», - деді анасы.

Ол ірі компаниялар мен қайырымдылық қорлары бас тартқандарын айтты. Алайда, Әлиге қол ұшын беруге дайын қайырымды жандар Қазақстаннан табылған.

«Бұл соманың басым бөлігін «Асыл Бала» қоры аударды. Астана әкімі 4 мың доллар бөлді. Менің Әлиім 1 қыркүйекте мектепке өз аяғымен барып, қатарластарымен бірге мектеп формасын киетін болады», - деді Ақмарал.

Сондай-ақ, ол бұл іске блогер Әлия Садырбаеваның көмектескенін айтты.

Бұдан бұрын, Әли Әміровтің анасы мен оның отбасы баласы үшін қиын жолмен жүргенін айтып берген еді. Әли дүниеге келгенде оның туыстары Ақмаралдың ұлынан бас тартуын сұраған да екен. Бала өскеннен кейін оны көптеген мектептер қабылдағылары келмеген. Соңында ол дарынды балаларға арналған «Нұрорда» мектебіне қабылданып, қазір сонда білім алуда.

Еске сала кетейік, аяқсыз туылған астаналық оқушы Әли Тұрғанбеков белгілі оратор Ник Вуйчичпен кездескендігі туралы бұған дейін жазған болатынбыз.