Экологиялық мәселелерге жауапты мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға және тұрғындарға әсер ететін ешқандай ахуал жоқ деген ресми мәлімдемелеріне қарамастан, бұл апатты жағдайға нақты баға берілуі тиіс.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Сенат отырысында бүгінгі күні қоғамды аса толғандырып отырған бірнеше экологиялық тосын жағдайларға Үкіметтің назарын аударды, деп жазады Zakon.kz.
"Өздеріңізге мәлім, өткен жылдың соңында Жайық өзенінде балықтар жаппай қырылған орын алған болатын. Бұл төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін арнайы ведмоствоаралық комиссия құрылып, тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық істер қозғалды", - деді Дариға Назарбаева.
Дегенмен, балықтардың жаппай қырылуының нақты себептерін және қоршаған ортаға келтірілген залалды анықтап, осы төтенше жағдайды қалыпқа келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде жұртшылықты кеңінен әрі ашық түрде хабардар етуге айрықша мән берілуі қажет.
Сонымен қатар, 13 наурызда Маңғыстау облысындағы "Қаламқас" мұнай кен орнынын бірінде газ жанды.
Экологиялық мәселелерге жауапты мемлекеттік органдардың қоршаған ортаға және тұрғындарға әсер ететін ешқандай ахуал жоқ деген ресми мәлімдемелеріне қарамастан, бұл апатты жағдайға нақты баға берілуі тиіс. Ауаның, ілеспе судың және топырақтың сапасына күнделікті тексеріс жүргізу керек.
"Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Сондықтан, осы экологиялық мәселелерді еңсеру бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттігіне Үкіметтің назарын аударамын. Қажет болған жағдайда, осы салаға қатысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізу жұмыстарын қолға алған жөн", - деді сенат төрағасы.