Сенат спикері аталмыш мәселе кешенді түрдегі шешімді талап ететінін атап өтті.
ERNUR.KZ. РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенкомен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Жайық өзенінің мәртебесі туралы мәселені қарауды ұсынды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ол 2016 жылы екі ел арасында Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келісімге қол қойылғанын еске салды. Құжатта Жайық өзені бойынша бірыңғай сараптамалық орган – комиссия құру мәселесі қарастырылған.
«Бірақ, бұл мәселе әлі де шешілмей келеді. Үкіметаралық комиссиялардың тұрақты отырыстары, әрине, бұл мәселемен күнделікті айналыса алмайды. Мемлекеттік органдардың, ірі пайдаланушылардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ суды үнемдеу мен трансшекаралық өзендердің проблемаларын зерттейтін ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері бірлесе құратын комиссияның пайдасы зор болар еді», - деді Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы.
Дариға Назарбаева Валентина Матвиенкоға осыған назар аударып, шешім қабылдауға көмектесуді сұрады.
«Сондай-ақ, Жайық өзенінің экологиясы бойынша Қазақстан мен Ресей үшін мемлекеттік мақсатты бағдарламаны әзірлеген дұрыс болар еді. Жайық өзенінің мәртебесін де қарастырған жөн. Жайық – ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектісі болуы керек», - деді ол.
Сенат спикері аталмыш мәселе кешенді түрдегі шешімді талап ететінін атап өтті.