​Дәурен Абаев Түркістан мен Шымкент неліктен бөлінгенін түсіндірді

0
1 570

Министрдің айтуынша, аталған шешімнің қабылдануының бірнеше себептері бар.


​Дәурен Абаев Түркістан мен Шымкент неліктен бөлінгенін түсіндірді

ERNUR.KZ. «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Түркістан облысының құрылуы мен Шымкенттің республикалық маңыздағы қала ретінде танылуының қандай басымдықтары бар екенін айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әлбетте, Түркістан облысының құрылуы – біздің Президенттің аймақтық саясатта өте маңызды әрі логикалық тұрғыдан жіті өлшенген қадамы. Түркістан – барша қазақ халқының, бүкіл түркі дүниесінің киелі қаласы. Оның тарихы мың жарым жылды қамтиды. Бұл – біздің мәдени кодымыздың бір негізі. Өздеріңіз білетіндей, Түркістанда 350-ге тарта Қазақ Хандығының даңқты хандары мен билері, батырлары мен атақты тұлғалары жерленген. Түркістан – Байқал мен Ыстамбұлға дейін созылған халықтардың санасында жаңғырған қала. Шетелдік сарапшылар Президенттің бұл шешіміне қатысты пікірін білдіре келе, жаңа облыс орталығы бүкіл түркі әлемін де үйлестіре алатынын, шаһардың бүкіл түркі өркениетінің тартылыс нүктесіне айналатынын айтып жатыр», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, аталған шешімнің қабылдануының бірнеше себептері бар.

«Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан облысының халқы шамамен 3 миллионға жетті. ОҚО халқының саны жағынан ең ірі облыс болды. Халықтың тығыздығы өте жоғары. Міне, сондықтан жаңа облыстың құрылуы ел оңтүстігін басқарудың тиімділігін арттырады. Жалпы, аймақ - демографиялық көшбасшы өңірлердің бірі. Онда миграциялық процестер өте қарқынды. Екіншіден, Шымкент пен Түркістан облысының жаңа әкімшілік мәртебесі аймақтың инфрақұрылымдық жобаларын одан ары тиімді қаржыландыруға мүмкіндік береді», - деді министр.

Дәурен Абаев аталған шешім тұрғысында Президент өте ыңғайлы уақытты таңдап алғанын атап өтті.

«Дәл осы қадам неліктен он немесе бес жыл бұрын емес, дәл қазір жасалып отыр деген сұрақтың туындауы заңды. Бұған өте ауқымды жұмыстар себеп болып отырғанын түсіну керек. Бүгінгі таңда мәртебе беру тұрғысында барлық жағдай жасалды. Мәселен, Бейнеу - Бозой - Шымкент газ құбыры салынды. Ташкентпен сауда қарым-қатынасының жаңа өресіне қол жеткізілді. Өзбекстан - жалпы халқының саны 30 млн болатын үлкен нарық. Сонымен бірге, Батыс Еуропа - Батыс Қытай көліктік дәлізінің учаскесі салынды. Осының бәрі де аймаққа инвестиция тартуға теңдессіз жағдай жасайды», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, министр дәл осы басымдықтар аймаққа үлкен серпін беретінін жеткізді.

«Үшіншіден, бұл Түркістан қаласының өзінің дамуына үлкен сеп болады. Аймақта мыңдаған адамдарды жұмыспен қамтитын үлкен құрылыс жұмыстары басталарына сенімдімін. Өндіріс көлемі, құрылыс материалдары артады. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы туристік кластердің дамуына ерекше назар аударып отыр. Міне, Түркістанда бұл ретте осы саланың драйвері бола алатындай барлық мүмкіндік бар», - деді Дәурен Абаев.