Ақпарат министрінің айтуынша, Владимир Божко көзқарасын дұрыс жеткізе алмаған.
ERNUR.KZ. Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев парламент мәжілісінің вице-спикері Владимир Божконың сөзіне қатысты пікір білдірді, деп жазады sputniknews.kz.
4 қыркүйекте Владимир Божко Нұр-Сұлтандағы Ассамблея кеңесінің аясында "әлеуметтік көмекті көбейткені үшін мемлекет алдында тізерлеп тұрып алғыс айту керек" деген болатын.
Мәжіліс спикерінің орынбасары айтқан осы пікір туралы сұраққа Дәурен Абаев "Открытый диалог" бағдарламасында жауап берді.
"Меніңше, Владимир Карпович эмоцияға беріліп, ойын сәтсіздеу жеткізген сияқты. Оның нені меңзегенін бәріміз түсінеміз ғой. Бұл жерде әңгіме біреудің есебінен күн көру туралы болып тұр. Көзқарасын дұрыс жеткізе алмаған. Біріншіден, ол - әскери, тік мінезді жан. Екіншіден, менің білуімше, Владимир Карпович жастайынан, 11-12 жасынан еңбекке араласқан. Сол себепті біреуге масыл болатындарға басқаша қарайды. Өкінішке орай, осы сөзінен кейін әлеуметтік желілерде көптеген қолданушы оны патриот емес деп айыптайды. Халықтың жағдайын ойламайды дейді. Дегенмен, адамды ісіне қарай бағалау керек. Қаншама құтқару операциясын өзі басқарып, жүздеген Қазақстан азаматын ажалдан құтқарған адамды патриот емес деп айыптауға болмайды. Ол – қазақ жерінің нағыз патриоты. Бұл - ақиқат", - деді министр.