Астанадағы 1 909 жетім баланың тағдыры не болып жатқаны белгісіз.
ERNUR.KZ. Мәслихаттың жетім балалардың құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кезекті сессиясы өтті. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезекті сессиясында жетім балалардың мәселесі талқыланды, деп жазады aikyn.kz.
«Бүгінгі күні жетім балаларға мемлекеттік мекемелер тарапынан күнделікті, жүйелі түрде, көптеген жыл бойы үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Алайда шешімін табуы тиіс мәселелер де бар. Қазір елордада қанша жетім бала бар? Ресми түрде статистика мәліметі бар ма? Бұл мәселемен нақты қай мекеме айналысатыны туралы сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Өкінішке қарай, жетім балаларға қатысты ортақ база жоқ»,– деді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова-Тілеуханова.
Ол тұрғын үй басқармасының мәліметінше 2 771 жетім бала тұрғын үй алу үшін кезекте тұрғанын айтты.
«Оның 1 933-і 18-23 жас аралығындағылар болса, оның 24-і жұмысқа орналасқан. 858 жетім бала Білім басқармасының бақылауында. Оның 817-і жетімдер үйінде болса, 19-ы колледжге, 2-еуі жоғары оқу орнына түскен. Ал қалған 1 909 жетім баланың тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Осыған байланысты жетім балаларға арналған ортақ база құру туралы ұсыныс айтқым келеді. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы 0-18 жас аралығындағы, ал Жастар саясаты басқармасы 18-29 жас аралығындағы жетімдерге арналған статистикалық база құрып, осы мәселені бақылауға алу қажет»,– деді депутат.