Аманжан Жамаловтың сөзінше, БЖЗҚ қорында 14 триллион теңге бар және ұйымды қазір Ұлттық банк басқарып отыр.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа және Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Наталья Годуноваға сауал жолдап, азаматтардың несиесін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (әрі қарай БЖЗҚ) жинағы есебінен жабуды ұсынды, деп жазады stan.kz.
Аманжан Жамаловтың сөзінше, БЖЗҚ қорында 14 триллион теңге бар және ұйымды қазір Ұлттық банк басқарып отыр. Дегенмен зейнетақы активтерінің жағдайы көңіл көншітерліктей емес деді ол.
"БЖЗҚ 2014 жылдан бері зейнетақы активтерінің жиынтық кірістілігі 115,2% инфляциямен 119,5%-ға жеткенін айтты. Әрі бұл жетістік ретінде ұсынылды. Бұл аргументтердің қисынсыздығын түсіну үшін 2014 жылдан бері доллардың теңгеге шаққандағы бағамы үш есе өскенін еске салайын! Қарапайым тілмен айтқанда, жай ғана шетел валютасына инвестициялау арқылы БЖЗҚ-да үш есе көп пайда табуға болатын еді", – деді Жамалов.
Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірісі 6%-дан аспаған. Президенттің сөзін мысалға келтірген депутат осы аралықта азық-түлік инфляциясының 24%-ға жеткенін де қосып өтті.
"Өз тиімсіздігіне қарамастан БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалануына барынша қарсылық танытып отыр. 29 қарашада БЖЗҚ 2023 жылға арналған жеткіліктік шегін жариялады, бірақ бұл өткен жылғыдан 4-8%-ға көп. Демек, өз шешімі арқылы БЖЗҚ соңғы жылдардағы ең тиімді экономикалық реформаны жойып отыр", – деп қосты ол.
"БЖЗҚ – біздің басты мәселеміз" деген Аманжан Жамалов елде 1,5 миллион адамның несиесін төлей алмай отырғанын мәлімдеді. Сондықтан ол әлеуметтік шара ретінде азаматтарға өз зейнетақы жинағын қолдану мүмкіндігін енгізуді ұсынды.
"Азаматтарға кез келген несиені төлеуге, емдеу ақысын төлеуге, коммуналдық қызмет бойынша қарызын төлеуге, балаларын оқытуға және өзге де маңызды қажеттіліктер үшін зейнетақы жинағының 30%-ын немесе 1 миллион теңгесін пайдалану құқығын беру керек. Бұл шара инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді. Мұндай шешім азаматтар үшін жақсы қолдау болады. Алдын ала есеп бойынша бұған 3,5 триллион теңге жұмсалады", – деп түйіндеді ол.