Депутат электромобильдер әлемде кең таралып, оған деген сұраныс геометриялық түрде өсіп жатқанын айтты.
ERNUR.KZ. Мәжілістың жалпы отырысында депутаттар электромобильдер инфрақұрылымын дамытуға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады stan.kz.
Заң жобасының толық атауы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". Заңды мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев таныстырды. Депутат электромобильдер әлемде кең таралып, оған деген сұраныс геометриялық түрде өсіп жатқанын айтты. Сөзінше, 2020 жылы әлемде 3 миллион 240 мың электромобиль сатылған.
"Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. 2021 жылы бүкіл әлем бойынша 6,5 миллион электромобиль сатылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109 пайызға өскен. 2022 жылы электромобильдер сатылымның жаңа рекордын орнатты, әлемде 7,8 миллион дана сатылды. 2023 жылы әлемде шамамен 17 миллион электромобильдер мен гибридті автомобильдер сатылды.Ал Қытай 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштардан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 миллион электромобиль болады", - деді ол.
Депутат атап өткендей, 2021 жылы Глазгода өткен дүниежүзілік климат саммитінде Ұлыбритания, Үндістан, Австрия, Польша, Канада, Түркия және басқа елдер, барлығы 33 ел, сонымен қатар ірі алты автомобиль өндіруші: General Motors, Ford, Mercedes, Volvo, Jaguar/Land Rover және BYD (Build Your Dreams) 2040 жылға дейін іштен жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартатынын жариялады.
"Сонымен қатар бірнеше күн бұрын Дубай қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясының сегіз климаттық іс-қимыл қарастырылған қорытынды құжаты қабылданды. Негізгі іс-қимылдардың бірі - әртүрлі жолдармен көлік құралдарының шығарындыларын азайту, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту және нөлдік немесе төмен шығарындылары бар көліктерді жылдам енгізуді жеделдету. Өйткені электромобильдердің іштен жанатын қоғалтқышы бар көліктермен салыстырғанда экологиялық және экономикалық жаңғынан тиімділігі басым", - деді ол.
Мұсабаев алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кеңауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмауы мен "мұнай өнімдерімен" жүретін көліктердің құнының төмендігін атады.
"Қазіргі таңда елімізде жағдай түбегейлі өзгерді. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл электромобиль санының 9,5 есеге өскендігін көрсетіп отыр. Яғни "жасыл" көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді.Заң жобаларында "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Автомобиль жолдары туралы", "Автомобиль көлігі туралы", "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы", "Жол жүрісі туралы" заңдарына түзетулер енгізу көзделген", - деді ол.
Заң жобасы мынадай негізгі нормаларды қарастырады:
• "электромобиль" және "электрозарядты станция" ұғымдарын енгізу;
• коммуналдық ақылы автотұрақтарда (автопарковкаларда, паркингтерде) электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;
• тұрғын аймақтардағы электрозарядты станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;
• жергілікті атқарушы органдардың өкілеттілігі электрозарядты станцияларды орналастыру туралы шешімдерді қабылдау және такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарын, даңғылдарды, көшелерді, кварталдарды электрозарядты станциялармен жабдықтау және ұйымдастыруды қамтамасыз ету.