Депутаттар терезеге темір тор орнатуды заңмен бекітуді ұсынды

0
2 384

Биік үйлердің терезесінен құлаған бүлдіршіндердің саны адам шошытады. Мәселен, соңғы 5 жылда еліміз бойынша 140 бала терезеден құлап қаза тапқан.


Депутаттар терезеге темір тор орнатуды заңмен бекітуді ұсынды

ERNUR.KZ. Елімізде тұрғын үй салатын құрылыс компаниялары екінші қабаттан бастап пәтерлердің терезесіне темір тор орнатуға міндеттелуі мүмкін. Кішкентай ұл-қыздардың өміріне алаңдаған депутаттар бүгін осындай бастама көтеріп, оны заң жүзінде дереу бекіту керек деп отыр. Өйткені, биік үйлердің терезесінен құлап өлген бүлдіршіндердің саны адам шошытады. Ал, құрылыс фирмалары темір қорған орнату артық шығын екенін ашық айтып отыр, деп жазады ktk.kz.

Жаз шықса болды бөлме ішінде жел қақтыру үшін тұрғындар терезені ашуға мәжбүр. Онда шыбын мен масадан қорғайтын мынадай торлар орнатылғанымен, ол үйдегі кішкентайлар үшін қауіпті. Өйткені, соған сүйеніп, даланы қарамақ болған бүлдіршіндер тормен бірге сыртқа ауып кетіп жатады. Сондықтан депутаттар, құрылыс компанияларына үй саларда терезеге темір қорған орнатуды міндеттейтін заң қабылдау керек деп отыр.

"Құрылыс ұйымдары көп қабатты тұрғын үйлерді салу кезінде терезеде балаларды құлап кетуден қорғайтын сенімді құрылғы орнатуы тиіс. Ол үшін біріншіден, тұрғын үйлерді салу кезіндегі жобалық сметалық құжаттарға, яғни құрылыс архитекторлық нормаларға өзгеріс енгізу қажет", дейді Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов.

Мәжілісмендердің бұлай алаңдауы бекер емес. Өйткені, биік үйлердің терезесінен құлаған бүлдіршіндердің саны адам шошытады. Мәселен, соңғы 5 жылда еліміз бойынша 140 бала терезеден құлап қаза тапқан. Ал, 400-ден астамы түрлі дене шарақатын алып, арасында мүгедек болып қалғандар бар. Дәрігерлер ата-аналарды барынша сақ болуға шақырады.

"Балалар әлі құлап жатыр. Өте ауыр жарақаттар болады. Бас, ми, ішкі құрылыс жарақаттары, сынықтар, өте қиын жағдайлар болады" - дейді хигург дәрігер Баймаханбет Сәдуов.

Ал, құрылыс фирмалары болса, терезеге темір тор орнату артық шығын екенін айтып отыр. Сондықтан, ең тиімдісі – терезенің қалыбын қауіпсіз етіп өзгерту керек дейді. Мәселен, кейбір компаниялар осындай терезелерді орната бастаған. Құрылысшылар мұндай терезенің қауіпсіз болатынына сенімді. Өйткені, биіктен ашылады. Ал мына астындағы терезе жақтауы баланың сыртқа қарай ауып кетуіне жол бермейді дейді.

"Мен секілді бойы орташа кісілердің өзі жоғарыға қолдарын көтеріп барып ашады. Ал, балалардың бойы мына ашық жерге жете қояды деп айта алмаймыз. Өйткені, мына жер подокониктен жоғары орналасып тұр 40-50 сантиметрге дейін" - дейді Шолпан Тұяқбаева, құрылыс компаниясының өкілі.

Дегенмен мұндай терезенің өзін барлық фирма орната қоюы екіталай. Ал, құрылыс компанияларына темір тор орнаттыру туралы ұсыныс вице-премьер Жеңіс Қасымбекке жолданды. Үкімет оны бір ай ішінде қарап шешім шығаруы тиіс. Сондықтан ата-аналарға күні-түні ұл-қызынан көз алмай бағып отырудан басқа амал жоқ.