Депутаттар бұған дейін де зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынған болатын.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Александр Милютин премьер-министр Асқар Маминге зейнетақы жасын қайта қарау туралы тағы да депутаттық сауал жолдады, деп жазады Tengrinews.kz.
Мәжілісмен депутаттар тобы сұранысты қайта жіберіп отырғанын, өйткені оларды 27 қаңтарда алған жауаптары қанағаттандырмайтынын атап өтті.
"Біздің ортақ зейнетақы жүйесіне қайта оралу туралы ұсынысымыз әлемдік тәжірибеге негізделген. Мұндай жүйе бір зейнеткерге төрт жұмыс істейтін адамнан келетін арақатынаста сәтті және тұрақты жұмыс істей алады. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, Қазақстанда қазір 8,7 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бұл дерек зейнетақы жасындағы адам санынан төрт есе көп", - деді Александр Милютин Қазақстанның Халық партиясы депутаттарының өтінішін оқып.
Ол премьер-министрден Қазақстан 1998 жылы бас тартқан ортақ зейнетақы жүйесін қайтаруды қайта талқылауға, оны жалпы сөзбен емес, мемлекеттік бюджеттің нақты қаржылық мүмкіндіктерімен қарауды сұрады.
"Екіншіден, сіздердің жауапта еңбек жағдайының күрделілігіне байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау туралы ұсынысымыз назардан тыс қалған. Заңда қарастырылғандай, ерте зейнетке тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері шығу әділетсіз деп санаймыз. Себебі кеншілер, металлург, өнер адамдары (балериналар) кәсіби жарамдылығын 60 жастан ерте жоғалтады. Зейнетақы заңнамасында адамдардың түрлі санатына қатысты кемсітушілік болмауы тиіс, еңбек жағдайының күрделілігі тең дәрежеде ескерілуі тиіс деп ойлаймыз", - деп толықтырды депутат.
Сондай-ақ, мәжілісмен зейнетақы мөлшері туралы да айтты. Ол зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде заң неге адамдардың нақты тапқан кірісін елемейтінін сұрады. Өйткені 46 АЕК көлемінде шектеу қойылады.
"Үкімет неліктен бұл норманы өзгертуге және жауапта айтылғандай, оны Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес келтірмейді? Ұсынымда "жоғалған кірісті зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициенті 40 пайыздан төмен болмауы керек" деп тұр, - деді Милютин.
Депутат нақты тұтыну бағаларының өсу индексін ескере отырып, ортақ зейнетақыны қайта есептеу туралы мәселеге де оралды.
"Біз өткен немесе алдағы кезеңде индекстеу туралы айтпадық. Бұл зейнетақыны инфляцияны ескеріп емес, қазіргі кездегі әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарларына бағаның өсуі негізінде индекстеу туралы. Жағдайы орташа зейнеткер инфляцияны есептеу кезінде бағасы ескерілетін автомобильдерді сатып алмайды. Оның зейнетақысы әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары мен қызметтерді сатып алу үшін жеткілікті болуы керек. Зейнетақыны көбейту кезінде дәл осындай тауарлар мен қызметтер бағасы ескерілуі тиіс деп есептейміз", - деді ол.
Мәжілісмен қоғам жұмыс орындарын құру бойынша нақты нәтиже күтетінін де атап өтті.
"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Сізден осы депутаттық сауалды қарап, аталған проблемалар бойынша Үкіметтің ұстанымын көрсетіп, жауабын заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды сұраймыз", - деп түйіндеді Милютин.
Депутаттар бұған дейін де зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынған болатын.