Дидар Смағұлов мамыр айының соңында Ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметінен кеткен еді.
Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығы бақылау кеңесінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.
«Дидар Смағұловқа екі жыл бойы Ұлттық тестілеу орталығының басшысы болып қызмет атқарғаны үшін алғысымды білдіремін. Бұл тағайындау менің алғашқы кадрлық шешімім болды. Дидар Нұркенұлы алдына қойылған міндеттерді нәтижелі әрі тиімді орындады. Ендігі кезекте Дидар Смағұлов штаттан тыс кеңесшім және ҰТО бақылау кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейтін болады», - деп жазды министр.
Еске салсақ, мамыр айының соңында Дидар Смағұлов Ұлттық тестілеу орталығының директоры қызметінен кеткенін мәлімдеген еді.
«Мен өзімнің барлық білімім мен қабілетімді халыққа адал қызмет етуге және сізді ұятқа қалдырмау үшін орталықтың игілігіне бағыттауға тырыстым. Білім беру саласындағы ұсынылған басқа да жауапты басшылық лауазымдарға ерекше ризамын. Бірақ, мен қызмет саласын сәл өзгерту керек деп шештім», - деп жазған болатын Дидар Смағұлов.