​Димаш Құдайберген туралы деректі фильм күз айында көрермендерге жол тартады

0
1 588

Қазақстан телерадиокорпоркациясы Димаш Құдайберген жайында деректі фильмнің түсірілім жұмыстарын бастап кетті.


​Димаш Құдайберген туралы деректі фильм күз айында көрермендерге жол тартады

ERNUR.KZ. 29 маусымда «Астана-Арена» стадионында өтетін Димаш Құдайбергеннің концерті билеттерінің 70%-ы сатылып кеткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.

Дүние жүзіне әйгілі жас қазақ әншісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылық концерті билеттері сатылымға шыққан күннен кейін, яғни бір аптадан соң 11099, ал қазіргі күні 15156 билет сатылып кеткен.

Концертке билет сатып алушылардың ең көбі - қазақстандықтар, одан кейін Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Польша және тағы басқа елдерден. Ең алыс елдердің арасында Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия секілді елдердің азаматтары бар.

«Концертке соңғы бір айдан бері Qazaqstan телеарнасының шығармашылық ұжымымен бірлесе қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Жазда өтетін жеке кешінде Димаш Құдайберген жаңа әндерін де орындайды. Әр номер ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, мини-спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдайдар, мультмедиялық шешімдер, сахнаны безендіру, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр», - деді Ерлан Қарин.

Тіпті концертте арнайы кастингтен өткен бишілер ғана Димашпен бірге бір сахнада өнер көрсете алады.
Сондай-ақ, ең бастысы Қазақстан телерадиокорпоркациясы Димаш Құдайберген жайында деректі фильмнің түсірілім жұмыстарын бастап кетті. Мұнда оның сахнадан тыс өмірі, түрлі халықаралық концерттеріне дайындық барысы жан-жақты қамтылады. Қазірдің өзінде бірнеше сьемкалары түсірілген.

«Біздің түсірілім командасы Димаштың Мәскеу мен Қытайда ұйымдастырған концерттеріне дайындығын түсіру үшін арнайы сонда барды. Ең бастысы көрермендер оның бұрын-соңды көрмеген бейнематериалдарын тамашалай алады. Деректі фильм көрермен назарына шамамен күз айында жол тартады», - деді «Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасы.

Ұлттық арна көрермендеріне арнап, «Kinomax» жаңа мобильді қосымшасын жасап шығарды. Бұны әзірлеуге шамамен жарты жыл уақыт кеткен.

«Кез келген адам Android және IOS платформаларында тәулік бойы видеосервистерді қолдана алады. Бұл жерден соңғы және танымал отандық телехикаялар, көркем және деректі анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар оффлайн режимде де көруге болады. Бұдан бөлек, тағы басқа қызықты жаңадан шыққан контенттер де кірістірілген», - деді ол.

Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерге арналған парақшалар да бар. Бұдан трендтегі әрі қызықты дүниелерді тамашалуға таптырмас мүмкіндік.