ДСМ перзентханаларда көрсетілетін қызметтердің тарифтерін қайта қарады

0
707

1 маусымнан бастап кесарь тілігін қоса алғанда, күрделі босануға арналған тарифтер 60%-ға, ал жаңа туған нәрестелерге күтім жасау - 35%-ға ұлғайды.


ДСМ перзентханаларда көрсетілетін қызметтердің тарифтерін қайта қарады

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі перзентханаларда медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында босандыру және неонатология саласында көрсетілетін қызметтердің тарифтерін қайта қарады, деп жазады inform.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 маусымнан бастап кесарь тілігін қоса алғанда, күрделі босануға арналған тарифтер 60%-ға, ал жаңа туған нәрестелерге күтім жасау - 35%-ға ұлғайды. Бұл медициналық қызметтердің тізбесі мен сапасын кеңейтуге және білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары тарифтер медициналық ұйымдардың босанатын әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге күтім жасауға байланысты шығыстарын өтемеді. Босандырумен айналысатын медицина ұйымдарын жеткіліксіз қаржыландыру олардың соңғы бірнеше жылдың ішінде қалыптасқан кредиторлық берешегінің негізгі себептерінің біріне айналды.

Тарифтерді қайта есептеу кезінде медицина мекемелерінің пациенттерге қызмет көрсету кезінде көтеретін нақты шығындары ескерілді. Қабылданған шаралар медицина ұйымдарына қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде халық үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартады. Ал перзентханаларда болу ана мен бала үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болады.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы әрбір отбасы қолжетімді және сапалы медициналық көмекке сене алатындай денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Осы бағытта 2024 жылғы 1 маусымнан бастап балалар неврологиясы, балалар аллергологиясы, ревматология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтердің мөлшері ұлғайтылды.