«Егіздің сыңары еді»: Мәттібұлақта қаза тапқан жас сарбаздың әпкесі сұмдық мәліметті жария етті (ВИДЕО)

0
80

​Еңлік Қалтаева егіз бауырларының екеуі де Отан алдындағы борышын өтеуге құмар болды дейді


«Егіздің сыңары еді»: Мәттібұлақта қаза тапқан жас сарбаздың әпкесі сұмдық мәліметті жария етті (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/enlik_kaltaeva

ERNUR.KZ. Алматы облысы Мәттібұлақ ауданындағы 01098 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек қаза тапты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ресми органдар бозбала кеше, 17 қыркүйек күні суицид жасады деген нұсқаны алға тартып отыр.

«2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерінің баспасөз қызметі.

Ал желіде жазба жариялаған марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаева бауыры Дінмұхамед өз-өзіне қол жұмсады дегеніне сенбейміз дейді. Оның үстіне, марқұм сарбаз егіздің сыңары болған екен. Оның егізі Даниял Шынарбек те әскерге барған.

«Былтыр менің інім Даниял Шынарбек әскерге кетті. Биыл көктемде оның егізі Дінмұхамед Шынарбек те сыңарымен бірге Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге барып, Отарда қызмет еткісі келді. Екеуі бір әскери бөлімде жүрді. Алайда, Ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамедті Мәттібұлаққа ауыстырып жіберді. Оны сыңарынан бөліп әкетті. Бірақ, егіздерді ажыратуға болмайды. Дәл осы Мәттібұлақта бауырым көз жұмды», - деп жазған Еңлік Қалтаева.

Марқұмның отбасы қаралы хабарды 17 қыркүйек күні естіген екен.

«29 тамыз күні бауырларым 19 жасқа толды. Ол өте мейірімді әрі еңбекқор еді. Қайғыдан қан жұтқан біз ініміздің асылып өлгеніне сенбейміз. Бүкіл отбасымызбен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, осы істі жеке бақылауына алуын өтінеміз. Бейбіт күнде бауырымыздан айырылып қалдық», - деп жазған ол.

Құрлық әскері марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, көмек береміз деген.