Екі министрліктің жоғары лауазымды тұлғалары тергеуге алынды

0
530

Шпекбаев қазіргі пандемия жағдайында мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыруды маңызды деп санайтынын білдірді.


Екі министрліктің жоғары лауазымды тұлғалары тергеуге алынды
ERNUR.KZ. Цифрландыру мәселелеріне жауап берген екі жоғары лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлім етті, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Жарты жылдың жұмысына арналған алқа мәжілісінде агенттік төрағасы мемлекеттік басқару жүйесін цифрландырудың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі пандемия жағдайында осы мәселе өзекті болып тұр. Барлық мемлекеттер соған күш салып жатыр. Осы орайда, Шпекбаев Оңтүстік Корея мен Сингапур сияқты елдердің тәжірбесін мысалға келтірді. Олар озық электронды сервистердің арқасында пандемияға тосқауыл қоя білді.

"Сол себепті біз "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Бюджет қаржысын ұрлауға жол бермеуіміз керек", – деді Шпекбаев.

Осыдан кейін агенттік төрағасы екі министрліктің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты тергеудің басталғанын мәлімдеді.

"Қазіргі кезде біз цифрлық даму мен білім министрлігінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты екі қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз", – деп атап көрсетті Шпекбаев.