Экс-депутат Әлтаевтың не үшін ұсталғаны белгілі болды

0
476

Өткен сайлауда ол депутаттық мандат үшін күресуге тырысты. ОСК оның кандидатурасын тіркеді.


Экс-депутат Әлтаевтың не үшін ұсталғаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Антикор Нұржан Әлтаевтың ұсталуына қатысты мәлімет берді, деп жазады ulysmedia.kz.

“7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Н.Б. Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді”, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен.

“Н.Б. Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деп мәлім етті Антикор.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы желтоқсанда Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев өзінің El-Tiregi партиясын құру ниеті туралы мәлімдемесінен кейін NurOtan қатарынан шығарылған болатын.

Өткен сайлауда ол депутаттық мандат үшін күресуге тырысты. ОСК оның кандидатурасын тіркеді.

Өткен жылдың 7 қазанында Нұржан Әлтаев ел Президентінің кезектен тыс сайлауында "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігінің кандидаты ретінде тіркелу үшін ОСК-ға құжаттар тапсырды. Дәл сол күні ОСК-ға "Мұқалмас" филиалдарының бірқатар басшыларынан жоғары орган отырысының хаттамасын бұрмаланғаны жөнінде арыз келіп түсті.

2022 жылғы 12 қазанда Қазақстан ОСК Нұржан Әлтаевтың кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтатқанын хабарлады.