ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйген африкалық әйел жауапқа тартылды

0
1 248

Моника Қазақстан азаматтығын алудың заңды жолын әлі күнге дейін таба алмай отыр.


ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйген африкалық әйел жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты ЭКСПО-2017 кезінде Қазақстанға келіп, қазақтан сәби сүйген Конго азаматы Моника Камукендж Камганзаға айыппұл салды, деп жазады sputniknews.kz.

28 жастағы әйел Қазақстанда қалуға мүмкіндік алу үшін екі жылдан бері күресіп келеді. Оған халықаралық ұйымның заңгерлері көмектесіп жатыр.

Конго азаматы босқын мәртебесін алуға құжаттарын тапсырған, алайда елінде азаматтық соғыс жүріп жатпағандықтан, оның өтініші қабылданбады. Келіншек қазір қызымен бірге Ана үйінде тұрып жатыр.

Моника қызы Блессингпен бірге

Африкалық әйелдің көші-қон заңын бұзғандығы туралы акт сотқа былтыр 28 қыркүйекте түскен. Елордалық әкімшілік соттың шешіміне сәйкес Моника Камукенж Канганза Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 517-бабы 4-бөлімі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның визада не тіркеу кезіндегі көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін үш тәуліктен асатын уақыт ішінде елден кетпей, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзуы) бойынша айыпты деп танылды.

"Моника Камукенж Канганзаға 25 мың 253 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне әлі енген жоқ", - деп хабарлады қалалық сот.

Айта кетсек, бұл бап бойынша ақшалай айыппұл немесе елден шығарып жіберу жазасы қарастырылған.

Моника мен қызы Блессингтің тағдыры

28 жастағы африкалық әйел Қазақстан астанасына ЭКСПО-2017 көрмесінде жұмыс істеуге келген, алайда республикада жүріп-тұруына мүмкіндік беретін құжатқа қатысты қиындық туындапты. Оған қоса, Конго азаматы қазақтан аяғы ауырлап, алғашқы жарты жылда "Қорғау Астана" орталығында тұрады. Қайырымды жандар босандыру ақысын төлеп, киім-кешегін алып берген. Алты айдан соң Моника Ана үйіне қоныс аударды.