Ел ішінде және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын пойыздардың вагондары жаңартылып жатыр

0
183

Жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретханалар, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі.


Ел ішінде және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын пойыздардың вагондары жаңартылып жатыр

ERNUR.KZ. Биыл жолаушылардың жайлылығы мен теміржол тасымалының сапасын арттыру үшін 226 жаңа вагон сатып алынады. Аталған жаңа вагондар 13 бағыт бойынша қатынайды, оның ішінде Алматы-2 – Өскемен, Павлодар – Пресногорьковск, Астана – Семей, Астана – Қызылту – Петропавл сынды маршруттар бар. Сонымен қатар халықаралық Алматы – Новосібір, Қарағанды – Омбы, Алматы – Мәскеу, Алматы – Қазан бағыттары бойынша вагондары жаңартылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов ОКҚ баспасөз конференциясында айтты.

Оның хабарлауынша, жаңа вагондар кондиционер, Wi-Fi, заманауи дәретханалар, кеңейтілген жүк сөрелері, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіледі.

«Сондай-ақ ерекше санаттағы жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Айта кетейік, былтыр осы мақсатта 143 жаңа вагон сатып алынған еді. Ал негізінен 2029 жылға дейін отандық вагон паркін 1000 вагонға дейін жаңарту жоспарда бар. Сұраныстың көбейюіне байланысты жолаушылар тасымалы жылдан жылға өсіп келеді, 2024 жылдың қортындысы бойынша 2023 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 5,6%-ға өсіп, 20,8 млн жолаушыға жетті», – деді спикер.

2025 жылы осы көрсеткішті 1 млн жолаушыға арттыру жоспарлануда. Жоғары сұраныстағы жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатын мейрамдар кезінде жыл сайын тұрақты түрде қосымша пойыздар іске қосылып жатыр. Биыл да Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы, Ақтөбе және Шымкент бағыттары бойынша 43 мың орын ұсынылады.