СҚО-да сірке қышқылынан уланған аудан әкімдігінің қызметкері қайтыс болды

0
36

Әйел 3 қарашада ауруханаға жеткізілген.


СҚО-да сірке қышқылынан уланған аудан әкімдігінің қызметкері қайтыс болды

фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің 62 жастағы қызметкері көз жұмды. Дәрігерлер екі аптаға жуық уақыт бойы сірке қышқылынан уланған әйелдің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады, деп жазады ulysmedia.kz.

Әйел 3 қарашада ауруханаға жеткізілген. Ол жансақтау бөлімінде жатқанымен, дәрігерлердің көмегі нәтиже бермеді. Жергілікті Qazaqstan Media басылымының мәліметінше, әкімдік қызметкері 15 қарашада қайтыс болған.

Оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Оқиға орнынан сірке қышқылы құйылған бөтелкелер мен қоштасу хаты табылған.

– Тергеу аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, – деп хабарлаған Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.

Әкімдіктегі тексеріске қатысты болжам

Әйел ауруханаға түскеннен кейін әлеуметтік желілерде оқиға аудан әкімдігінде жүргізілген қаржылық тексеріске байланысты болуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Алайда бұл мәліметті ресми түрде ешкім растаған жоқ. Шенеуніктер де, полиция да аталған болжамға қатысты пікір білдірмеген.