Мемлекет басшысы кітабының тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктемінде Қордың бастамасымен Ресей Федерациясында - Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтті
ERNUR.KZ. Лондондағы «Азия үйі» штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағылшын тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсауы кесілді, деп жазады Bag.kz.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы кітабының тұсаукесері үстіміздегі жылдың көктемінде Қордың бастамасымен Ресей Федерациясында - Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтті.
«Қазақстан Президентінің осы шығармашылық еңбегі әрбір қазақстандық үшін өте жақын, өйткені еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы жылдарын көрсетеді. Кітапта елімізде болған күрделі үрдіске, бетбұрысты сәттерге терең талдау жасалған. Сонымен қатар, онда Республиканың алдында тұрған жаңа міндеттер бейнеленген. Осының барлығы кітапты нағыз тарихи құжат ретінде көрсетеді. Оның құндылығы осында», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов.Оның айтуынша «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы жастар үшін ерекше пайдалы.
«Егемендік жылдары қазақстандықтардың еркін, белсенді, ашық жаңа буыны келді. Болашақтың іргетасын қалау үшін оның қайнар көзін, өзінің тарихын білу керек. Елдің биіктікке қалай қол жеткізгенін, қандай сын-тегеуріндерді еңсергенін түсінуі өте маңызды болып табылады», - деді Игорь Рогов.Жалпы, қор Мемлекет басшысы кітабының тұсаукесерін шетелде ұйымдастыруды жалғастырады, кездесулер Берлинде, Парижде, сондай-ақ Бразилиада өтеді.
"Тәуелсіздіктің қысқа мерзімінде Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіздік жарияланғанға дейін де 1989 жылы Қазақстан әлемде тұңғыш болып сынақ полигонын жабу үшін ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалысқа жол ашты», - деп кітаптың тұсау кесерінде баронесса Сьюзен Миллер Қазақстанның ядролық қарусыз әлем қалыптастырудағы нақты қадамдарын атап өтті.
Кездесу барысында танымал британдық режиссер Андре Сингердің Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдары және ядролық қарусыз әлем қозғалысы туралы «Жел тұрғанда» атты деректі фильмі көрсетілді.