Елдегі заңдар қазақ тілінде жазылмайды

0
871

Ешкім, ешбір тыйым салмаса, министрліктер бір бітпейтін "өзгерістер мен толықтыруларын" неге Парламентке ресми тілде арқалап апарады?


Елдегі заңдар қазақ тілінде жазылмайды

ERNUR.KZ. Ел егемендік алғалы тек екі заң ғана мемлекеттік тілде жазылған. Өзгесі түгел ресми тілде әзірленеді. Ұят, ұлттық намыс қайда? Сенатор Мұрат Бахтиярұлы әлеуметтік желідегі жазбасында осындай сыни пікір қалдырды. Иә, Парламент қабырғасына Үкімет мүшелері құлаш-құлаш құжат апарады. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде сауатты, ең бастысы түсінікті тілде заң әзірлейтін мамандар қосыны қалыптаспаған ба? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.


Кеңес одағының құрамынан шыққан елдердің ішінде өз тілінде жарытып заң жаза алмай отырған екі-ақ мемлекет бар екен. Бірі Беларусь, екіншісі Қазақстан. Сенатор Бахтиярұлы мұның себебін іздеп көріпті.

Әділет министрлігінің басшысын шақырып, бірнеше депутаттар қатысты мәжілісі бар сенаты бар. Сол кезде біз осыны қойғанбыз. Не кедергі бұған? Кедергі еш нәрсе жоқ. Көп жағдайда Үкіметте ынта жоқ! Намыс деген нәрсе жоқ! Бәрімізде намыс жоқ! Бұл қалай? Қазақ тілі сонда заң тілін жаза алмай ма? Айтыңызшы! Қазақ тілі мемлекеттік тіл! Заң тіліне келмейді дегенді кімге сендіре аласыз!, - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Ешкім, ешбір тыйым салмаса, министрліктер бір бітпейтін "өзгерістер мен толықтыруларын" неге Парламентке ресми тілде арқалап апарады. Мешіт Ғазизұлы бар гәп бірінші басшыларда, дейді.

Нақты білетін адамдарды алып келетін болса, сол жерде мәселе бірінші басшыдан басталуы керек. Қазақ тіліне деген жанашырлық. Егер ол ұлтқа жанашыр болып отырса ол қайтсе де бірінші ана тілінде жазылған дүние ол шала-шұбар нәрсеге бармайды, - дейді журналист, аудармашы Мешіт Ғазизұлы.

Кәсіби ілеспе аудармашы Нұрсиға Асылбеков барлығы тек шенеуніктерге не мемлекеттік тілді менсінбеуге келіп тіреліп қалмағанын айтады. Заман ағымына қарай күн сайын жаңа терминдер шығып жатыр. Ал оны қазақ тіліне жатық қылып аударуға, ыңғайлауға құлықтылар аз.

Түрлі саладағы терминдердің жатығып, орнығуы үшін уақыт керек. Және а дегеннен бәрі тап-тұйнақтай бола қоймайды. Оған шыдам керек. Қоғам тарапынан қолдап қолпаштау керек. Құжаттардың түпнұсқасы қазақ тілінде дайындалуына ден қою керек. Олай болмайынша қазіргі жағдайдың жалғасқаны жалғасқан. Орыс тілінде дайындап машықтанған мамандар бұл тірлікті әрі қарай жалғастыра береді, - дейді аудармашы Нұрсиға Асылбеков.

Заңды неге әуелі мемлекеттік тілде жазып, содан кейін ғана өзге тілге аудармасқа деген сұрақты министрліктерге де қойып көрдік. Бұл сауалдан ат-тонын ала қашқан ведомстволардың қарасы көп. Байланысқа шыққан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі қазақ тіліне ден қойып келетіндерін айтты.

Заң жобалары осы біздің министрліктің қабырғасында дайындалған жаңа айтқандай екі тілде жазылады, екі тілде жолданады қайда жолданса да. Сосын ол талқыланған кезде тағы айтамын бізде фермерлер арасында талқыланады. Көпшілігі қазақ тіліне не орыс тілінде болуы мүмкін. Қай тілде ыңғайлы сол тілде өтіп жатады. Өз тарапымыздан мемлекеттік тілге оң көзқарасымыз бар министрлікпіз деп толық айта аламын, - дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.

Мемлекеттік тіл сот процестерінде де аса сұранысқа ие емес. Ашық ақпарат көздерінде жарияланған деректерге сүйенсек, биыл сот істерінің 17 пайызы ғана қазақ тілінде қаралған. Заңгер Шыңғыс Сейфолла судьялар да, прокурорлар да қазақтілді нұсқасы бола тұра бәрібір орыстілді түпнұсқаға қарап жұмыс істейтінін көріп жүр екен.

Аударманың аты аударма. Ол түпнұсқа емес. Себебі, әр тілдің өзіндік ерекшеліктері бар. Сосын біздің аудармашылардың түпнұсқалықты сақтау талап етіледі. Яғни, барынша орыс тіліндегі нұсқасына сәйкес болуы керек деген ұғым қалыптасқан. Оның мән мағынасы қаншалықты ақылға қонымды болатындығы екінші мәселе болып қалып кетіп жатыр. Сол себепті сот, прокурор істі қазақша қарап отырғанымен, орыстілді жазылған заңды қолданады. Бұдан кейін халықтың қазақтілді заңды түсінуі екіталай, - дейді заңгер Шыңғыс Сейфолла.

"Орысша жазылған құжатты қазақшаға аударғанда табылмай қалған сөз жоқ! Қазақтың сөзіне табылмай қалған орыстың сөзі бар!".
Заң мемлекеттік тілде жазылу керек деген құжатты қабылдамай бәрі бекер! Қоғам қайреткері Оразгүл Асанғазының пікірі осыған саяды.

Жүргізушілер, машина алдына отырғандардың барлығы белбеу тағып кетті. Белбеу тағу керек деген бұрыннан заң болатын. Бірақ, айыппұл салмағанша оны ешкім таққан жоқ. Қалай айыппұл салды, елдің бәрі тағып алды. Сол сияқты қазақ тілінде құжат дайындамаса, қазақ тілінде қызмет көрсетпесе анаған-мынаған айыппұл санылады деген заң керек. Бұл еш ерсі емес! 15 республика едік одақтас. Бізден басқасының бәрі мемлекеттік тілінде құжатын әзірлеп отыр, - дейді қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы.

"Тіл туралы" заңның 4-бабында: "Мемлекеттік тіл мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі" деп жазылған.