Экипаж құрамында қазақстандық теңізшілер бар кеме Финляндияда ұсталды

0
98

Финляндияда «Fitburg» жүк кемесінің экипажы тергеуге алынды.


Экипаж құрамында қазақстандық теңізшілер бар кеме Финляндияда ұсталды

фото: Rajavartiolaitos / Lehtikuva

ERNUR.KZ. «Fitburg» жүк кемесінің экипажы телекоммуникациялық кабельге зақым келтірді деген күдікке ілінген, деп жазады ulysmedia.kz.

Финляндияда «Fitburg» жүк кемесінің экипажы тергеуге алынды. Экипаж құрамында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Грузия азаматтары бар. Сент-Винсент және Гренадин туы астында жүрген кеме 31 желтоқсанда тоқтатылған.

Тергеу барысында екі экипаж мүшесі кабельді бүлдіру күдігімен қамауға алынған, тағы екі адамға елден шығуға тыйым салынған. Полиция олардың азаматтығы туралы ақпарат берген жоқ, тергеу әлі бастапқы кезеңде. Кеден қызметкерлері кемеде тасымалданған жүктерді тексеріп, санкцияға іліккен заттардың бар-жоғын анықтап жатыр.

«Кемеде тергеу шаралары жүргізілді, экипаж мүшелерінен жауап алынды. Қазір біз оқиғаның мән-жайын және экипаждың кабельге зақым келтірудегі рөлін анықтап жатырмыз. Бұл жолы Ресейден шыққан жүк кемесі және якорь түсіру фактісі қаралуда. Мұндай жағдайларда ұқсастықтар да, айырмашылықтар да бар. Әр іс жеке қарастырылады», - деді Финляндия орталық қылмыстық полициясының аға тергеушісі Ристо Лохи.