Серікжан Тоқтасынов «Семей орманы» МОТР» РММ Новошульба филиалының инженері болып жұмыс істеген.
ERNUR.KZ. «Семей орманындағы» өрттен қаза тапқан 14 қызметкердің арасында Серікжан Тоқтасынов та бар. Ол небәрі 27 жасында көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Серікжан Тоқтасыновтың жақындары, оның отбасын танитындар әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Бақұл бол, батыр бауырым! Семей орман шаруашлығының инженері Тоқтасынов Серікжан Бақытбекұлы (1996-2023) —Семей орманы өртін өшіру барысында дүниеден өтіпті.Ұлы нағашымыз Бақытбек ағаның жалғыз ұлы еді. Жаның пейіштің нұрында шалқысын. Елгезек едің,Ел үшін отқа түстің, есімің мен ерлігің мәңгі есімізде қалады», - деп жазды ҚЖО Абай облысы филиалының төрағасы Мерей Қарт.
Мерей Қарт қаза болғандардың жақындарына көңіл айту қиын екенін жеткізді.
«Тілсіз жаудан, төтелей келген өлімнен азап шегіп, іргесі азынап, қабырғасы сөгіліп, көз жасы төгіліп, шаңырағы қаңырап, отбасы аңырап отырған қаралы үйге бас сұғып, көңіл айтқан қандай қиын еді! Жұбатарға сөз таппай, ішің астаң-кестең күй кешеді екен.«Көңіл айтайық… Жұбатайық, қайғыны бөлісейік» деп келген едік, жүрегім қатты ауырып қайтты. Баласының суретін құшақтап жылаған ана: «Қазір келеді, келеді ұлым» - деген үмітті зары көмейге еріксіз өксік ұялатты», - деп жазды ол.
Ол сырттай қарап, бақылап отырғанда ешкім сезіне алмайтынын айтты.
«Жары мен ұлынан қатар айырылған қос отбасының жағдайы тіпті ауыр. Сидорин Виктор, Сидорин Александр, Пузырев Николай , Пузырев Сергей сынды әке мен бала қатар орманға кіріп, қайырылып қайта шықпай қалғаны қайырымсыз дүниенің қатал келбеті емес пе?!«Тас түскен жеріне ауыр». Қайғыдан қан жұтып, « Енді қалай өмір сүремін, не істеймін, не қызық қалды?»- деп жылаған жандардың қайғысын бөлісу, жүректеріндегі қызыл жалын өртті басу кімнің қолынан келер дейсіз?!Жалғыз ұлдан айырылған әке, қанаты қайырылған ана қайғысы қабырғаңды қаусатады.Өрт басылар, іштегі дертті кім басады?!«Орман өртеніп жатса, қарлығаш аузына су толтырып ұшады екен, ал, қарға тұмсығына ши қыстырып ұшады» - дейді. Қарлығаштың қасық суынан өр сөне қоймас, қарғаның бір тал шиінен өрт өршімес. Пейілімізді алмасын, Құдай! Қалғаны «боқ дүние»», - деді Мерей Қарт.
Танымал публицист Қайнар Олжай Серікжан Тоқтасыновтың атасы мен әкесі жайлы бөлісті.
«Атасы Тоқтасын мектепте бізге еңбек пәнінен сабақ берген. Әкесі Бақытбек біз қатарлы ауылда қалып, мемлекеттің мал басын көбейту үшін тер төккен. Серікжан орман өсіріп, қорғайтын инженер екен. Абай облысының орманындағы алапат өртті сөндіреміз деп қаза тапқан 14 қаһарманның бірі!», - деп жазды Қайнар Олжай.
Ақын Серікзат Дүйсенғазы Серікжан Тоқтасын Үштөбе ауылынан екенін жазды.
«Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы деген жігіт менің аталас туысым. Мен туған Өкпеті тауының күнгейіндегі Үштөбе деген ауылдан. Арамыз екі-үш ата ғана. Өткенде анам қайтыс болғанда Бақытбек аға көңіл айтып келіп еді. Алыста жүрген соң балаларды көп біле бермейміз. Жалғыз ұлы бар екенін ғана білетінмін. Кешегі Семей орманында болған алапат өртті сөндіреміз деп ерлікпен мерт болған он төрт батыр орманшының бірі осы бауырым екен. Әлі отбасын да құрып үлгермепті. Адамда арман таусылған ба? Ата-анасына, туыстарға қайғырып көңіл айтамын. Серікжан бауырымның жаны жәннатта болсын», - деп жазды ол.
Мемлекет басшысы Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2023 жылғы 12 маусымды Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды.
Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде 14 адам қаза тапты.