Абай облысында 30 мың гектар орман өртеніп жатыр.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі ТЖМ Ахуалдық орталығының базасында Жедел Республикалық штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков баяндама жасады.
«9 маусым күні сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Астана қаласы және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ қосымша 4 тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.