Балалы отбасылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау - мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі.
ERNUR.KZ. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек және әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Олар республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 2 төлем түрінен қамтылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл төлемнің барлығы отбасының табысына қарамастан беріледі.
«Бүгінгі таңда елімізде 2,1 млн астам балалы отбасыға төлем беріледі. Биыл бұл төлемдерге 1,7 трлн қаражат қарастырылған. Бұл республикалық бдюжеттен – 807 млрд теңге және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан – 856 млрд теңге. Былтырмен салыстырғанда бұл сома 210 млрд теңгеге артық. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің барлығы 6,5%-ға өскен», – деді спикер.
Базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджеттен 149 мың теңгеден 247 мың теңгеге дейінгі біржолғы бала туылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға кепілдік береді. 2025 жылдың 4 айында 137 мың отбасыға 21 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Осы жылға қарастырылған қаражат көлемі – 75 млрд теңге.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақылар бар. Олар 22 мың теңгеден бастап 34 995 теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі. Мәселен, бірінші балаға – 22 649 теңге, екінші балаға – 26 777 теңге, үшінші балаға – 30 866 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңгеден төленеді. 1 мамырдағы жағдай бойынша 123 мың отбасыға 14,5 млрд теңге сомасында жәрдемақы берілді.