Елімізде бала асырап алушылар арнайы дайындықтан өтуге міндеттеледі

0
910

Бала асырап алушылар арнайы мектепке үш жарым ай бару керек.


Елімізде бала асырап алушылар арнайы дайындықтан өтуге міндеттеледі

ERNUR.KZ. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 17 асырап алушы ата-аналар мектебі бар. Бұл туралы Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік басшысы Ләззат Жүсіпова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Біздің міндетіміз - болашақ асырап алушы ата-аналарды даярлау, оларға білім беру және ата-аналық құзыреттілігін арттыру. Біздің жоба бүкіл Қазақстан бойынша ұсынылған. 17 аймақта бөлімшеміз бар. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша 17 асырап алушы ата-аналар мектебі бар. Төрт жыл ішінде біздің ықпал етуімізбен 801 асырап алушы отбасы пайда болды, 1153 бала патронаттық, қамқоршылық сияқты әртүрлі формадағы отбасыларда тәрбиеленуде», - Ләззат Жүсіпова.

Ол балаларды асырап алатын ата-аналарды оқыту не үшін маңызды екенін айтты.

«Қамқоршылыққа алған балаларын қайтадан жетімдер үйіне өткізетін ата-аналар бар. Жыл сайын асырап алушы ата-аналар 200-250-ге жуық баланы балалар үйіне қайтарады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, біздің жоба аясында оқыған ата-аналар 19 баланы жетімдер үйіне қайтарғаны анықталды. Осы жағдайдан кейін бұл мәселеге ерекше назар аудара бастадық. Қазір патронат ата-аналарға кәсіби қолдау ұйымдастырылды. Бізде отбасыларға базалық, дағдарыстық және төтенше көмек жүйесі бар. Біздің мамандар баланың отбасына қалай бейімделіп жатқанын көру үшін қоңырау шалып, кездеседі. Баланы отбасына бейімдеу процесі өте ұзаққа созылады, себебі бала ол отбасыға жаны жараланып келеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол бала асырап алушылар мектебі аптасына 3 сағаттан тұратын 14 сабақты құрайтынын айтты.

«Яғни, бала асырап алушылар бұл мектепке үш жарым ай бару керек. Оқу барысында бала асырау ойынан айнып қалатындар бар. Бұл - бала асырап алғаннан кейін айнып қалуға қарағанда жақсы», - дейді ол.