Аталған заң 3 айдан соң күшіне енеді.
ERNUR.KZ. Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы мен оларды бөлшектеп және көтерме сату механизмі өзгерді, деп жазады ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы өткен жылдың 28 желтоқсанында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға қол қойды.
«Аталған заң 3 айдан соң күшіне енеді. Өйткені 3 ай бойы министрлік дәрі-дәрмектің бағасын реттеу ережесін бекітеді. Онда көтерме және бөлшектеп сатудың нормасы мен баға көрсеткіші нақты көрсетілетін болады. Дәрі-дәрмек жеткізу және сатумен айналысатын ұйымдар сол ережеге сай жұмыс істеуі тиіс. Бекітілген ереже сақталмаған жағдайда, яғни дәрі бағасы заңсыз көтерілгені анықталса, ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылады немесе лицензиясынан айырылады»,- деді ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, дәрі-дермек бағасы жылына екі рет бекітіледі – қаңтар және шілде айларында. Аталған уақыт аралығында дәрі өндірушілер мен сатушылар өз өнімдерін бекітілген бағамен тіркеп сатуға мүмкіндік береді.
«Елімізде 8 мыңнан астам дәрі түрі тіркелген, бүгінде оның 2 мыңнан астамының бағасы реттеліп бекітілді. Ендігі уақытта Қазақстан территориясында тіркелген барлық дәрі-дәрмектің бағасы біркелкі болады. Дәрі бағалары туралы ақпарат министрлік, Фармация комитеті және барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларының ресми сайттарында жарияланады», - деді ол.
Одан бөлек, Л. Бюрабекова бүгінде дәрі-дәрмек пен оның бағасын тексеруге арналған мобильді қосымша жасалып жатқанын айтып өтті.
«Қосымша арқылы кез келген азамат дәрінің Қазақстан территориясында заңды тіркелгені және оның бағасының бекітілген ережеге сай екендігін қадағалай алады. Егер дәріге қатысты тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда, сол қосымша арқылы шағымдану мүмкіндігі қарастырылған», - деді комитет басшысы.