Елімізде екпе салынбаған балаларды балабақша мен мектепке қабылдамауы мүмкін

0
1 239

Бекшин вакцинацияға қатысты жаңа ережелер биылғы жылдың желтоқсан айына дейін енгізілетінін атап өтті.


Елімізде екпе салынбаған балаларды балабақша мен мектепке қабылдамауы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда екпеден бас тартқан ата-аналардың балаларын балабақша мен мектепке қабылдамауы мүмкін. Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «Жаһандану жағдайындағы инфекциялық аурулар: өзекті мәселелер және шешімдер» конгрессінде мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

Өз сөзінде Бекшин вакцинацияға қатысты жаңа ережелер биылғы жылдың желтоқсан айына дейін енгізілетінін атап өтті. Айтуынша, заң жобасында екпе салынбаған балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектепке баруына тыйым салу туралы ұсыныс бар. Сондай-ақ, ол балалардың вакцинацияға деген құқығын бұзған ата-аналарға айыппұл салу туралы да ұсынылып отырғанын айтты.

Сонымен қатар еліміздің бас санитар дәрігері балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға әкімшілік жауаптылық қарастырылғанын жеткізді.

«Егер ол балабақшаға, мектепке барып жүрсе, жасына қарамастан, екпе алған болуы тиіс. Ол басқа оқушылардың ауырмауға деген құқығын сақтауы керек», - дейді ол.

«Біздің мақсатымыз – екпе салынған балалардың санын 95 пайызға дейін жеткізу. Ересектер арасында бұл көрсеткішті 80-85 пайызға жеткізу керек», - дейді Бекшин.

Жандарбек Бекшиннің сөзінше, бүгінде заң жобасы үкіметтің сараптамасынан өтіп, кемшіліктер, ескертулер жойылып, өзге де мемлекеттік органдармен келісілуі үшін үшін қайтарылған.