Елімізде қант экспортына шектеу енгізілді

0
483

Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта елдегі қант қоры қант қызылшасының жаңа өнімі басталғанға дейін қантқа деген сұранысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті.


Елімізде қант экспортына шектеу енгізілді

ERNUR.KZ. Бұйрық 2024 жылғы 14 маусымнан бастап күшіне енді, деп жазады baq.kz.

«Қант әкетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы № 196 бұйрығымен 2024 жылғы 31 тамызға дейін ел аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қант әкетуге уақытша шектеу енгізілді.

Шектеу ҚР аумағы арқылы халықаралық қант транзитіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына қант тасымалдауға қатысты қолданылмайды.

Бұйрық 2024 жылғы 14 маусымнан бастап күшіне енді. Қант шығаруға уақытша шектеу шараларын белгілеу туралы шешім Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда 2024 жылғы 6 мамырда қабылданды, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жазғы кезеңде ішкі нарықта қант тұтынудың халық тарапынан да, индустриялық тұтынушылар тарапынан да өсуі байқалады. Осыған байланысты, қант әкетуге уақытша тыйым салу ішкі нарықты қамтамасыз ету және оның кері экспортын болдырмау мақсатында енгізілді.

Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта елдегі қант қоры қант қызылшасының жаңа өнімі басталғанға дейін қантқа деген сұранысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Бұдан бөлек, отандық қант зауыттары қант өндіру үшін үшінші елдерден қамыс шикізатын әкелуді жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Министрлік өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін шикі қантты бажсыз әкелуге өтінімдер қабылдауды жалғастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, ЕЭК аясында Қазақстан Республикасы үшін ағымдағы жылы 300 мың тонна көлемінде шикі қант бажсыз әкелуге квота келісілді.