Елімізде республикалық маңызға ие тасжолдарда ауқымды жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр

0
146

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде республикалық маңыздағы автожолдарды орташа жөндеуден өткізуге бағытталған кең көлемді жұмыстар жүзеге асырылуда.


Елімізде республикалық маңызға ие тасжолдарда ауқымды жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр

ERNUR.KZ. Бүгінде еліміз бойынша жалпы ұзындығы шамамен 4 мың шақырымды құрайтын 177 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 160-ы - 2024 жылдан өтпелі жоба болса, 17 жоба биыл жаңадан бастау алған. Жөндеу жұмыстары жолдың негізгі қабатын қайта өңдеуден бастап, үстіңгі жабынды төсеуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Қазіргі таңда жол негізін ресайклирлеу жұмыстары 857 шақырым аумақта орындалды. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр — 193 шақырым. Одан кейін Қарағанды облысы – 131 шақырым, ал үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысы – 129 шақырым.

Сонымен қатар республикалық маңызға ие тасжолдарда жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аясында 843 шақырымға төменгі жабын қабаты төселді. Атап айтқанда, Қостанай облысында – 143 шақырым, Қарағанды облысында – 116 шақырым, Шығыс Қазақстан облысында – 104 шақырым жолға асфальттың төменгі қабаты төселді.

Бүгінгі таңда республикалық маңыздағы автожолдардың 560 шақырымында үстіңгі жабын қабаты төселді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы – 90 шақырыммен алда. Сондай-ақ Ақмола облысында – 68 шақырым, Қарағанды облысында – 47 шақырым жолға жаңа жабын төселген.

Аталған жоба «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қостанай – Мамлютка» сынды өңіраралық маңызды бағыттарды жаңғыртумен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайын жақсартуға да бағытталған. Олардың қатарында «Астана – Қорғалжын», «Өскемен – Рахман қайнары» және өзге де туристік бағыттар бар.

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, ішкі туризмнің дамуына серпін беруге, сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.