Қарабидай наны 9, Макарон өнімдері 10 проценттей қымбаттады.
ERNUR.KZ. Биыл алты айда елде нан өндірісі 21 процентке қысқарды. Ал нан бағасы 6 проценттей көтерілді, деп хабарлайды Хабар24.
Энерджипром сарапшыларының дерегінше, қарабидай наны 9, Макарон өнімдері 10 проценттей қымбаттады. Бағаның өсуіне бірнеше себеп бар. Ең негізгісі – шикізаттың қымбаттауы. Елімізде ұнның шикізаты бидай. Бізде ол жеткілікті. Бірақ өзіндік құны көтеріліп жатыр. «Қазақстан астық өңдеушілер одағының» мәліметіне қарағанда биыл жанармай, тыңайтқыш, егіс алқабын зиянкестен қорғайтын қоспалар мен техника бөлшектері 20-30 процентке қымбаттады. Оның үстіне Орталық Азия елдерінде құрғақшылық болғандықтан өнім аз. Яғни бидайға деген сұраныс жоғары. Сондықтан импортерлер бағаны көтерді. Шілде айының соңында үшінші сұрыпты бидайдың тоннасы 112 мың теңге шамасында саудаланды. Ішкі нарық үшін 95 мыңнан 103 мыңға көтерілді. Бидай қымбаттағандықтан, одан алынатын өнімдердің де бағасы өсті. Мамандар ас атасының бағасын тұрақтандыру үшін мемлекет қорға қосымша 200 мың тоннай астық алып қойғаны дұрыс деп санайды
Астық шикізат күйінде сатылып жатыр
Қазақстанда астықты шикізат күйінде емес, дайын өнім күйінде сату жүйеленбеген. Астық өңдеушілер қауымдастығы осылай деп налиды. Олардың айтуынша республикада жылына 11-12 миллион тонна бидайды өңдей алатын диірмендер бар. Бұл ішкі нарықпен қоса сыртқы нарықтың да сұранысын артығымен орындауға жетеді. Бірақ бидай шет елдерге шикізат күйінде сатылып жатыр. Мәселен кейінгі сегіз жылда Өзбекстанға бидай экспорты 4,5 есе көбейді. Сәйкесінше, ұн экспорты 3,6 есе азайған. Яғни ала такиялы ағайын бидайды сатып алып, өздерінде тартып жатыр. Ол аз десеңіз, биыл Ауғанстанға 721 мың тонна ұн экспорттапты. Яғни Қазақстаннан бидайын тартып, ары қарай ұн қылып сатып жатыр. Тәжікстанда сондай жағдай. Кейінгі он жылда ұн экспорты азайып, бидай экспорты 16 есе көбейген. Бұған дейін аталған елдер Қазақстаннан тек ұн сатып алып келген. Бидайдың шикізат күйінде сатылуы елде ұн өндірісін азайтып, диірмендердің қаңырап бос тұруына әкеліп отыр.