Еліміздегі 3 жылдық геологиялық зерттеулерді қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асты

0
177

Сонымен қатар аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және тереңдік геологиялық картаға түсіру бойынша нәтижелер де бар.


Еліміздегі 3 жылдық геологиялық зерттеулерді қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асты

ERNUR.KZ. Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутектер және жер асты сулары кен орындары кіреді. Барлығы 987-ден астам қатты пайдалы қазбалар кен орындары мемлекеттік теңгеріммен есепке алынады. Оның ішінде көмірсутектер – 355, қатты пайдалы қазбалар – 987, кең таралған пайдалы қазбалар – 3 666 және жер асты суларыны – 4540 кен орны тіркелген. Геологиялық барлау нәтижелері бойынша 2023-2024 жылдары алғаш рет келесі кен орындар мемлекеттік есепке алынды: қатты пайдалы қазбалар – 27, көмірсутектер – 10, жер асты сулары – 23. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров ОКҚ брифингінде мәлім етті.

Оның айтуынша, пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорлары бойынша алтын 522 тоннаға, күміс 281 мың тоннаға, хром кендері 2383 мың тоннаға, уран 44 мың тоннаға, мыс 800 мыңнан астам тоннаға, фосфорит кендері 82 млн тоннаға, мұнай 277 млн тоннаға, газ 113 млрд м3, конденсат 1,9 млн тоннаға, жер асты сулары 155,8 мың м3 /тәулігіне өсім болды.

«Жыл сайын мемлекеттік бюджет есебінен 1:200 000 масштабта жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бойынша өңірлік жұмыстар орындалады: геологиялық-минерагендік карталау, тереңдік геологиялық картаға түсіру, алаңды гидрогеологиялық жете зерттеу. Бұл жұмыстарды жүргізу Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2026 жылға Қазақстан аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға қол жеткізуге бағытталған. Ағымдағы жылдың соңына қарай «ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерттеумен қамту» көрсеткішін 2014,4 мың шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда», – деді спикер.

Үш жылға қаржыландырудың жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және тереңдік геологиялық картаға түсіру бойынша нәтижелер де бар. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша асыл, түсті және қара металдар бойынша болжамды ресурстары бар 60 перспективалы учаске анықталды. Бұл учаскелерді барлауға арналған лицензия шеңберінде одан әрі зерделеу үшін жер қойнауын пайдалануға беру жоспарлануда. Осы объектілер Жер қойнауын пайдалану нәтижесінде ел экономикасының дамуына үлесін қосады.

Сирек жер металдары саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні қорлары шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Күйректікөл учаскесінің перспективалығы туралы деректер бар.

«Бұдан басқа, Қазақстанда көмірсутектердің жаңа кен орындарын ашу үшін айтарлықтай перспективалар бар. Қазіргі уақытта геологтар шамамен 76 млрд тонна болжамды отын ресурстары бар 15 шөгінді бассейн бар екені белгілі. Бүгінгі таңда мұнай-газ өндірудің барлық көлемі игерілген 5 бассейнге тиесілі. Олардың ішіндегі ең ірісі – Каспий маңы, ол елдің ресурстық базасының шамамен 80%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар қосымша 5 аз зерттелген шөгінді бассейндер айтарлықтай перспективаларға ие. Бұлар Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндері. Бұл бассейндердің іске асырылмаған көмірсутек әлеуеті әлі де айтарлықтай», – деді ведомство өкілі.

Ағымдағы жылы геологиялық-геофизикалық әдістер кешенін, оның ішінде Арал аз зерттелген бассейні шегінде Шығыс және Батыс учаскелерінде 2Д сейсмикалық барлауды қолдана отырып, өңірлік зерттеулер аяқталуда, оның зерттеу алаңы 56 мың шаршы шақырымды құрады. Бұл жұмыс нәтижелері бойынша «Батыс» учаскесінің болжамды ресурстары 800 млн тоннаға бағаланады. Болашақта осы учаскелерде егжей-тегжейлі зерттеу үшін іздеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ биыл Комитет Сырдария шөгінді бассейнін зерттеуге кіріседі.