"Әкеме ескерткіш қойғым келеді"

0
259


Сурет: i.pinimg.com

Әкесі мен анасы қасында болса, бала үшін бұдан асқан бақыт жоқ. "Шіркін, жер бетіндегі баланың бәрі бақытты болса ғой". Осылай деп еріксіз армандадық ERNUR.KZ порталының тұрақты оқырманының әңгімесінен кейін.


"Өмірдегі жағдайлар кейде адам сенгісі келмейтіндей жайттарға толы болады. Әркім-ақ мына өмірде бақытты өмір сүргісі келеді. Бірақ, адамның ойлағанындай бола бермейді ғой.

Біз отбасында үш қызбыз. Үшеуміздің жас айырмашылығымыз көп емес. Балалық шағымды есіме алсам, кішкентай кезімізде әкеміз бен анамыздың ортасында асыр салып, алақайлаған бақытты сәттер көз алдыма келеді. Алайда осындай бақытты сәттеріміз бел ортасынан шорт үзіледі деп ойламағанмын.

Біз кішкентай кезімізден өте тату өстік. Әкем аудан орталығында үлкен лауазымды қызметте істеді. Анам үй шаруасындағы қарапайым жан еді. Мен анамды қатты жақсы көрдім. Барлық бала анасын жақсы көреді ғой. Бірақ көпшілігіміз анамыз жанымызда жүргенде оның қадірін біле бермейміз.

Анамның өмірден ерте кетіп қалғанына өкінем. Бағып-қағып өсірген бала-шағасынының қызығын көрмей кеткені өкінішті. Кішкентай сіңлім екі жасқа толғанда анам қатты ауырды. Мен үшін өмірдегі ең қымбат жан төсекке таңылып, аурудың құрсауында қалды.

Анамның ауруы ұзақ жылдарға созылды. Сол кезде мектеп табалдырығын алғаш аттап, бірінші сыныпқа барған едім. Өзімнен кейінгі сіңлілерім балабақшаға баратын. Отбасындағы бар ауыртпалық әкеме түсті. Әкем отбасын асырау үшін жұмыс та істеді, бір жағынан анамызды емдетті. Жиі-жиі төсек тартып жатып қала беретін анамды ауруханаға сүйрелеп өзі де әбден әбіржіді. Балаларының күтімі, анамның ас-суын дайындау әрі қызметі бар, әйтеуір дамыл көрмей, күн ұзаққа жүгіріп жүретін. Кішкентай сіңлімді қолтығына қысып алып балабақшаға, мені мектепке өзі апарады. Балабақшаға жеткенше сіңлім әкемнің құшағында ұйықтап баратын. Кейін менің сабағымды оқытуға да уақыт тауып жүрді.

Өзі де жетімдіктің ащы дәмін татып өскен әкем бауыр еті – баласы үшін аянбады. Қанша шаршап жүрсе де, қабағынан кірбің байқалмаушы еді. Үсті-басымыз тап-тұйнақтай, шашымыз жинаулы, сабаққа мұнтаздай қылып жіберетін әкемнің сол кездердегі қайсарлығына бүгін қайран қаламын. Ол жұмыс уақыты аяқталған соң басқа шаруалардың бәрін ысырып қойып, кешкі алтыда міндетті түрде үйде болатын. Соның өзінде шаршағанын айтып, реніш білдірмейтін. Түзде басшылық қызмет атқарып жүрсе де, үй жұмысынан арланбайтын.

Кейінірек нағашы әжем келіп бізге қарайласатын болды. Ол кісі де қартайған, балалардың у-шуын көтере алмайтын. Оның өзіне күтім жасап, қарайтын адам керек. Осылай қиналып жүргенде анам өмірден озды.

Бізді бір туыстарымыздың үйіне апарып тастаған, бір аптадай сол жақта болып, кейін үйге алып келді. Үйге келгенде ғана отбасымызда қайғылы жағдайдың орын алғанын білдік.

Әрине, бізге бұл жағдай өте ауыр болды. Кіп-кішкентай қорғансыз жүрекке анасынан айырылу ең ауыр соққы емес пе? Өмірдің өткінші, жалған екенін алғаш сол кезде түсінген сияқтымын. Бала болып жүгіріп, секіріп ойнаудан қалдым. Көп ойланатын болдым.

Бауыр еті – баласы үшін өмірдің ауыртпалығына қасқайып қарсы тұрып, перзентіне лайықты тәрбие беру барлық әкелердің қолынан келе бермейді. Көп ер-азаматтар бала тәрбиесін әйелдердің мойнына жүктеп қойған. Бірақ жақсы әке жауапкершіліктен қашпайды. Анамды жоқтатпаған әкеме ескерткіш қойсам да арзиды.

Күнделікті күйбің тірліктен бас көтере алмай жүрсем де, күніне бір мәрте әкеме қоңырау шалып, қал-жағдайын біліп тұру менің дағдыма айналған. Мен үшін асқар таудан да биік, дүниенің бар байлығынан қымбат жан – әкем даусымды естігенде кішкентай балаша қуанып, жылы сөздерімен айналып-толғанып жатады.

Әкем қазір қартайса да, әлі де балалары үшін жалғыз өзі тауды да, тасты да қопаруға дайын екенін жақсы білемін. Өмірде перзент үшін қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұра алатынын дәлелдей білді. Тағдырға мойынсұнғанымен, бәзбіреулерге ұқсап баз кешіп кеткен жоқ. Әсіресе, балаларын аяғынан тік тұрғызу үшін анамды жоқтатпай, әкелік махаббатымен перзент жүрегінің төрінен орын алды."