Айдар Әбілдабеков мереке алдындағы халықтың сатып алу қабілеті әрдайым бірнеше есе артатынын айтады.
Фото: gov.kz
ERNUR.KZ. Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков 90 жылдары саудамен айналысқанын айтты. Айтуынша, Жаңа жыл мерекесі кезінде оның табысы күрт өскен, деп жазады stan.kz.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында вице-министрге мерекеге дейін сатушылар азық-түлік бағасын әдейі көтере ме деген сұрақ қойылды.
Айдар Әбілдабеков мереке алдындағы халықтың сатып алу қабілеті әрдайым бірнеше есе артатынын айтады. Барлығы азық-түлікті алдын ала сатып алады, тіпті бір дастарқанға қажеттіліктен артық алады. Вице-министр өз басынан өткен оқиғаны да айтып берді.
"Мен 90-жылдары өзім саудамен айналысқанмын. Алғашқы Жаңа жылдық табысым кезінде екі-үш күнде бір айлық табыстан да көп таптым. 29 желтоқсаннан бастап табыс қалай өсетінін елестетіңізші? Егер тауар аз болса, мысалы, жол қатынасы бұзылып, машина жетпей қалса, сатушыда бағаны сәл көтеруге үнемі мүмкіндік болады, өйткені сұраныс жоғары болғандықтан бәрі сатып алады", - деді Айдар Әбілдабеков.
Вице-министрдің айтуынша, қазір ешқандай дүрбелең байқалмайды. Алайда министрлік тек әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасына ғана бақылау жүргізе алады, басқа тауарлардың үстеме бағасын қадағалай алмайды.
Айта кетейік, Айдар Әбілдабековтің өмірбаянында 1996–1998 жылдары мемлекеттік қызметке келмей тұрып, коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеп, сауда саласында кәсіпкерлікпен айналысқаны көрсетілген.


