​Еліміздің жұлдыздары ХҚКО-да халыққа қызмет көрсетуде

0
1 667

Қызметкерлер бірнәрсені дұрыс жасамаса, жеп отырған нандарынан айырылып қалулары мүмкін.


​Еліміздің жұлдыздары ХҚКО-да халыққа қызмет көрсетуде

ERNUR.KZ. Қазақстанға белгілі 4 әнші халыққа қызмет көрсету орталығына "жұмысқа тұрды", деп жазады sputniknews.kz.

Мұнда тұрақты жұмыс істегім келмейді. Маған өз кәсібім жақынырақ. Бірақ дәл осылай асарлатып жатса, тегін көмек көрсетуден қашпаймыз. Осылай қорытты әнші Құрмаш Махан Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмысын.

Бүгін Астана және Алматы қалаларында "Қазақстан дауысы" байқауының жеңімпазы Шахризат Сейдахмет, әнші Құрмаш Махан мен Мырзахан Махан, продюсер Қыдырәлі Болман және "Хабар" арнасының тележүргізушісі Ғани Өтепбайұлы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істеп, халықпен жұмыс істеудің қаншалықты қиын екендерін айтып берді.

"Жұмыс ұнағанымен, ішкі заңдарды білмей қиналып жатқан жайым бар. Сол себепті, алдын ала дайындық керек екен деп қорытынды шығардым. Бірақ қызмет түрлерін толық меңгеріп алу үшін 2 күн жеткілікті деп ойлаймын. Екіншіден, адамдармен жұмыс істеу өте қиын екен. Көп адам сабырсыз әрі тәртіп сақтай бермейді. Оның үстіне асығып жүріп, қызмет түрлерін тез алғылары келетіні тағы бар. Ал жалпы жұмыс ұнап жатыр. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын екенін түсінгендеймін", - дейді "Хабар" арнасының тележүргізушісі Ғани Өтепбайұлы.

Әнші Құрмаш Махан да электронды қызмет түрлерін қалай көрсету керектігін бірден меңгере алмағандығын айтады. Сондай-ақ, ол бұл қызметке қарағанда сахнада өнер көрсетудің оңай екенін айтып өтті.
"Мұндай жұмысты бірінші рет жасап тұрғандықтан, сәл түсіне алмай жатырмын. Сол себепті, маған қаншалықты ұнағанын нақты айта алмаймын. Десе де, өзіме керекті біраз пайдалы ақпарат жинап алған сияқтымын. Қызметкерлердің жұмысы, расымен, оңай емес екен. Барлығының бірдей көңілінен шығу мүмкін емес деп ойлаймын. Халық сұрақтарынан бөлек өздерімен бірге үйдегі қиындықтарын да арқалап келеді. Ал мұнда тұрақты жұмыс істеу мәселесіне келсек, өз кәсібім өзіме жақынырақ. Бірақ бүгінгідей асарлатып жатса, көмек көрсетуден қашпаймыз. Сондай-ақ, бізге бұл жарнама үшін ешқандай ақша төленбейтінін айта кеткім келеді", - дейді әнші.

Ал Қыдырәлі Болманов керісінше бұл жұмысына бірден үйренісіп кеткенін айтты. Мұны құжаттарға байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығына жиі келуімен байланыстырды. Сондай-ақ, ол халықты қызметкерлерге түсіністік танытуға шақырды.

"Алдыма келген халыққа заңды тұлғаны есепке алу, есептен шығару және құжаттарға қол қою сынды қызмет түрлеріне байланысты көмек көрсетіп жатырмын. Әр адамның қызметті тез алғысы келетінін де жақсы түсініп отырмын. Оларға қолымнан келгенше көмек көрсетіп, құжаттарға байланысты қиындықтарын шешуге қол ұшымды созуға әзірмін. Бір ай бұрын өзім де осы жерге келіп көлігімді тіркетіп, құжаттарын алып едім. Енді міне өзгелерге көлік нөмірлерін үлестіріп жатырмын. Қалай десек те, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Халықтың құжатқа қатысты қиындығын шешіп қана қоймай, көңіл-күйлеріне сай жауап қайыра білуің қажет. Жалпы осы жердегі жұмыстың қаншалықты қиын екенін түсіндім", - дейді ол.

Әнші Шахризат Сейдахмет болса, қызметкерлерге сабыр тіледі. Жұмыс қиын болмаса да, жүйкені тоздыратынын айтып өтті.

"Мұнда қызметкерлер әрбір айтатын сөздеріне абай болулары керек. Бірнәрсені дұрыс жасамаса, халықтың көңілінен шықпай қалса, жеп отырған нандарынан айырылып қалулары мүмкін. Ең болмаса мың адамның ішінде бір адам болып осы жердегі қызметкерлердің жан дүниесін түсініп кеткім келді. (…) Айғай-шудың басы-қасында болған кездерім де бар. Арада біраз уақыт өткен соң адамдар мұнда келуін де қоятын шығар. Біздің балаларымыз бұдан да рахат өмір сүреді деп ойлаймын. Осылай жалғаса берсе, жұмыс жеңілдеп, жүйкенің жұқаруы азаятын еді. Осы жердегі қарындастарымызға сабыр берсін", - деді жұлдыз.