Елорда әкімдігі: Автобуста жарақат алғандарға көмек туралы жалған ақпарат тарап жатыр

0
992

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан ақпаратқа қатысты қала әкімдігінің баспасөз хатшысы пікір білдірді.


Елорда әкімдігі: Автобуста жарақат алғандарға көмек туралы жалған ақпарат тарап жатыр

ERNUR.KZ. Елордадағы автобустар апатынан зардап шеккендерге шұғыл түрде қан тапсыру қажеттігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ірі көлік апаты салдарынан зардап шеккендерге шұғыл түрде қан тапсыру қажеттігі туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты пациенттерге сапалы ем-дом көрсету үшін барлық қажетті заттар клиникада бар екенін ресми түрде жариялаймын. Бұл тұрғыда дүрбелең тудырудың реті жоқ», - делінген қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева мәліметінде.

Айта кетейік, Елордадағы ірі көлік апаты бойынша полиция тергеу амалдарын бастады. Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы жантүршігерлік көлік апатынан зардап шеккендер саны 27-ге жетті.

Еске салсақ, 26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің қақтығысуыменжол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңы бағдарындағы № 303 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.