Мектеп оқушыларына арналған әмбебап картаны автобуспен жүру, асханада түскі ас ішу сынды бірқатар қызметтерде қолдануға болады.
ERNUR.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова мектеп оқушыларына арналған әмбебап карта туралы айтып берді, деп жазады kaz.nur.kz.
«Автобуспен жүру, мектептегі турникеттен өту, асханада түскі ас ішу секілді қызметтерді бір картаның көмегімен алуға болады. Өткен жылдың қарашасынан бастап № 59 мектепте тамақтану бойынша қолма-қол ақшасыз есептесудің автоматтандырылған жүйесі тұрғысында қанатқақты жобаны енгізуге кірістік. Енді ата-аналар балалардың сатып алған тағамдарын қадағалап, тексере алады, сондай-ақ тәуліктік лимитті орнатуға мүмкіндік бар. Мұнымен қоса, карта арқылы мұғалімдер баланың мектепке қашан келгенін және шыққанын көреді», - деп жазды М. Бектұрова өзінің Telegram каналында.
Оның айтуынша, асханадағы POS-терминалдар оқушылар туралы ақпаратты саралайды, яғни қандай өнімдер баланың аллергиясын тудыратыны, оқушының күндізгі лимиті және басқа да мәліметтер қамтылады. Терминал smart-schools.kz ақпараттық порталымен біріктірілген. Жүйеде 3 000 астам карта тіркелген. Атап айтқанда, бұл қанатқақты жоба, сондықтан барлық ұсыныстар мен кемшіліктер ескеріліп, түзетіледі.
Сонымен қатар, жүйе AstraPlat жол жүру карталарын пайдаланады.
«1 сәуірден бастап тағы да 34 мектеп аталған жаңа жүйеге қосылды. Оқушы QR-кодты сканерлеу арқылы немесе Астана LRT картасын асханадағы арнайы терминалға жақындату мүмкіндігімен түскі астың ақысын төлей алады», - деді әкімнің орынбасары.
Оқушыларды сәйкестендіру үшін бірнеше ақысыз нұсқаларды пайдалануға болады: мобильдік қосымша; картаны Astana LRT жүйесімен байланыстыру; фотосурет пен жедел QR-кодты белгілеу арқылы оқушылардың қорғалған жеке картасы. «Бұл тұғырнамаға Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық мектептерін 1 қыркүйекке қарай қосу жоспарланып отыр», - деді Мәлика Бектұрова.