Елордада қызылша ауруы өршіп тұр

0
498

Қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ медицина қызметкерлеріне иммунизация жасалды.


Елордада қызылша ауруы өршіп тұр

Қаңтар айының басынан бері елордада қызылшаның 1890 бастапқы және 532 расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 381 жағдай.


Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


«Елордада инфекцияның таралуын қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар жалғастыруда, сырқаттанғандардың 68 пайызын осы кісілер құрайды. Желтоқсан айымен салыстырғанда балалар арасында сырқаттанушылықтың бір жасқа дейін, бір жас және 2 жастағы балалар арасында төмендеуі байқалады. Мәселен, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың қарқынды көрсеткіші 692,7-ден 589,4-ке дейін немесе 15 пайызға, бір жастағы балалар 880,2-ден 805,3-ке дейін немесе 8,5 пайызға және 2 жастағы балалар тиісінше 701,6-дан 551,9-ға дейін немесе 21,3 пайызға төмендеді. Көрсетілген жастағы сырқаттанудың төмендеуі – бұл қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі. Алайда ересектер арасында сырқаттанушылықтың өсуі байқалады, қарқынды көрсеткіш 25,2-ден 40,2-ге дейін немесе 37,3 пайызға өсті», - деді Сархат Бейсенова.

Қызылшаға қарсы екпе алмағандар арасында сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы шығарылды. Соған сәйкес, 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап 6 айдан 10 ай 29 күндік сәбилерді және 2023 жылы 5 желтоқсаннан бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күндік балаларды егу мәртебесіне қарамастан қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды.
Сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ медицина қызметкерлеріне иммунизация жасалды.