Еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғанын хабарлады

0
86

Жасанды интеллект технологиялары атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне белсенді түрде енгізілуде.


Еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғанын хабарлады

ERNUR.KZ. Былтырдан бастап мобильді қосымшаны енгізу арқылы учаскелік комиссиялардың қызметі автоматтандырылды. Сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлардың фотосуреттері арқылы ЖИ элементтерінің көмегімен отбасылардың мұқтаждық деңгейін бағалау мүмкіндігі пайда болды. Бұл шараның барлығы қабылданатын шешімдердің дәлдігі мен объективтілігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, бұл модель ұсынымдық сипатқа ие.

«Біз учаскелік комиссия мамандарынан кері байланыс алып отырмыз. Алдағы уақытта оны жетілдіреміз. Динамикада атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 2023 жылғы 114 мың отбасынан 2026 жылы шамамен 30 мың отбасына дейін азайғанын байқап отырмыз. Бұл мұқтаждықты анықтау дәлдігінің артуымен және негізсіз тағайындауларды алып тастаумен байланысты», – деп түсіндірді вице-министр.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған әкімнің цифрлық жұмыс орны енгізілді. Бүгінде бұл жүйе барлық 17 облысты және 1786 ауылдық округті қамтиды, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен 30-дан астам интеграция жүзеге асырылған.

Бахтияр Жазықпаев бұл құрал ауыл әкімдеріне өз округіндегі демографиялық жағдайды, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын, қаржысын және жұмыспен қамтылуын нақты көруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Яғни, әкімдер ағымдағы жағдайды көріп, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын ұсынады. Биыл бұл жобаны әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз. Жергілікті атқарушы органдардан кері байланыс алдық. Толық көріністі қалыптастыру үшін салықтар мен ауыл шаруашылығы бойынша деректер қажет. Бір жерден кіретін авторизацияның бірыңғай жүйесін құру жоспарлануда», – деді спикер.