Жыл басынан Алматыда Sergek камералары автотұрақ ережелерін бұзған көліктерді анықтап жатыр.
Фото: Sergek Group
Ақпаратта айтылғандай, Sergek жүйесімен интеграцияланған дрондарды қолдану нақты уақыт режимінде жол ережесін бұзғандарды, алимент төлемегендер мен борышкерлерді анықтауға, ақпаратты полиция планшетіне жылдам жеткізуге және сол арқылы құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашады.
— Біздің мақсат — жолдағы қауіпсіздік. Интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған дрондар нақты уақытта заң бұзушылықты тіркеп, ережені бұзған көлікті табуға және мәліметті жедел патруль қызметіне жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл тек жедел әрекет ету ғана емес, жол апаты санын азайтып, жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал ететін шешім, — деді Ішкі істер министрлігі ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сергей Варго.
Сынақ аясында Sergek Group әзірлеушілері Ішкі істер министрлігі және «Қазтелеком» АҚ өкілдерімен бірлесе отырып, дрондарды әртүрлі бағытта сынайды. Атап айтқанда, патрульдеу форматынан бастап нақты бағытталған іздестіруге дейін. Егер нәтижелер оң болса, аталған жоба басқа өңірлерге де кеңейтілуі мүмкін.
— Бүгінде дрондар елдің цифрлық инфрақұрылымының ажырамас бөлігі. Олар азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етіп жатыр. Дрондар табиғи құбылыстарды бақылауда және қоғамдық тәртіпті қадағалауда бұрыннан қолданылады. Осы орайда «Қазтелеком» компаниясы дрондарды бейнебақылау жүйесіне, оның ішінде қалалық орта мониторингі мен орман алқаптарындағы өрттің алдын алу бағытындағы жобаларға енгізу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл технологияны қолдану ауқымы алдағы уақытта тек кеңейе бермек, — дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Сондай-ақ, ресми хабарламада Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану цифрлық қауіпсіздіктің жаңа деңгейі екені айтылған. Бұл технология полицияның әрекет ету жылдамдығын арттырып қана қоймай, қабылданатын шешімнің нақтылығын да күшейтеді.
— Біз әрдайым жаңа технологиялық сынаққа ашықпыз. Sergek жүйесімен жабдықталған дрондарды қолдану болашаққа қадам ғана емес, Қазақстанның IT саласы әлемдік деңгейдегі шешімді әзірлеп, іске асыра алатынының айқын дәлелі, — деді Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким.
Биыл көктемде Sergek ITS мамандары Қазақстанның екі ірі қаласы — Астана мен Алматыдағы көлік қозғалысын саралап, ең жиі тіркелген көлік маркалары мен модельдері туралы ақпарат таратқан еді.
Еске салайық, жыл басынан Алматыда Sergek камералары автотұрақ ережелерін бұзған көліктерді анықтап жатыр.