Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

0
91

Құжатты eGov арқылы рәсімдеуге болады.


Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ

Фото: izyskaniya.kz

ERNUR.KZ. 12 шілдеден бастап жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру қызметі толықтай цифрлық форматқа көшеді. Енді азаматтар бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы емес, тек eGov.kz порталы арқылы ала алады, деп жазады inbusiness.kz.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мәліметінше, қызметті рәсімдеу үшін пайдаланушы eGov.kz порталына кіріп, жер учаскесіне мемлекеттік акт беру қызметін таңдап, қажетті мәліметтерді енгізіп, өтінімге электрондық сәйкестендіру тәсілдерінің бірі арқылы қол қоюы қажет. Дайын нәтиже азаматтың жеке кабинетінде қолжетімді болады.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін бұл қызметті алу үшін азаматтар ХҚКО-ға жеке жүгінетін. Алайда бүгінде өтінімдердің 96 пайызы онлайн форматта беріледі. Осыған байланысты қызмет көрсету процесі толығымен цифрландырылды.

"Бұған дейін азаматтар жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін ХҚКО-ға жүгінуге міндетті болатын. Қазір мұндай қажеттілік іс жүзінде жойылды, өйткені өтінімдердің 96%-ы онлайн беріледі. Енді eGov.kz порталы арқылы өтінім беріп, оған ЭЦҚ көмегімен қол қойып, дайын құжатты жеке кабинеттен алу жеткілікті. Бұл өзгеріс ХҚКО операторларына түсетін жүктемені 30%-ға азайтты", – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Ростислав Коняшкин.

Қазір eGov.kz порталында бірқатар мемлекеттік қызмет онлайн көрсетіледі. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт алу, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу, тұрғылықты жер бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін алу және еңбекші көшіп келушілерге қатысты қызметтер бар.

Егер азаматтың онлайн қызметті алу мүмкіндігі болмаса, ол ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы өтінім бере алады.