Ералы Тоғжанов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

0
483

Вице-премьер "Pfizer" вакцинасын сақтау және тарату жөніндегі негізгі хаб орналасатын қан орталығының жұмысымен танысты.


Ералы Тоғжанов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды

ERNUR.KZ. Бүгін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қарағанды облысының активі мен эпидемиологиялық жағдайы және "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады inbusiness.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, осы жылдың тамыз айынан бастап COVID-19-бен ауыру көрсеткішінің 8 есеге төмендегенін атап өтті.

Жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ералы Тоғжанов жергілікті билік органдарына халықты вакциналаумен қамту жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында аурудың өсуіне жол бермеу үшін мектептерде карантин шараларының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Вице-премьер "Pfizer" вакцинасын сақтау және тарату жөніндегі негізгі хаб орналасатын қан орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Ералы Тоғжанов операциялық блоктың қосымша құрылысы жүргізіліп жатқан онкологиялық орталықта болды. Бұдан басқа, объект аумағында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде позитронды-эмиссиялық орталық және онкологиялық науқастарды диагностикалау және емдеу үшін True Beam желілік үдеткіші бар қосымша құрылыс салу жоспарлануда.

Сонымен қатар делегация білім беру нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан 600 орындық мектеп пен өткен ғасырдың 30 жылдары салынған мектептің жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған нысандар "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сапар соңында Премьер-Министрдің орынбасары облыс басшылығына халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.