Жыл басынан бері бұл өңірлеріне 53 отбасы, жалпы 230 адам қоныс аударған.
Қазақстандағы халық саны көп әрі тығыз орналасқан өңірлердің бірі – Түркістан облысы. Бүгінде күнгей өлкеде 2 200 000-нан аса тұрғын тіршілік етіп жатыр. Сәйкесінше, жұмыс күші көп болғандықтан еңбек нарығындағы бәсеке де жоғары. Осы орайда бірнеше жылдан бері тұрғындарды Солтүстіктегі жұмыс күші жеткіліксіз аймақтарға ерікті түрде көшіру жұмыстары атқарылып келеді. Бұл салада нақты қандай бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр? Көші-қон саясатының нәтижесі қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлымен тілдескен едік.
– Мекенхан Қозыханұлы, Түркістан облысында көш-қон бағдарламасы бойынша 2025 жылы қандай жұмыстар атқарылды?
– Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында жүргізіліп келеді. 2025 жылы жалпы республика бойынша 7344 квота бөлінсе, соның ішінде Түркістан өңірінен 407 отбасының 1 634 мүшесі еліміздің 7 аймағына қоныс аударды. Атап айтқанда, Қостанай облысына 128 адам, Солтүстік Қазақстан облысына 971 адам, Шығыс Қазақстан облысына 93 адам, Павлодар облысына 372 адам, Абай облысына 29 адам, Қарағанды облысына 19 адам және Ұлытау облысына 22 адам көшіп барды. Түркістан облысы халық тығыз орналасқан өңір болғандықтан бюджеттен қаражат қаралмаған. Дегенмен, 2025 жылғы 8-10 сәуір аралығында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасы дәстүрлі түрде өткізілетін ерікті қоныс аударушыларға арналған «Қоныс аудару» жәрмеңкелерін ұйымдастырды. Жетісай, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласындағы іс-шараларға Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан жалпы 100-ге жуық өкіл қатысты. Сонымен қатар, Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы аудандарында халықпен кездесулер өткізілді. Бағдарламаға енген 7 облыс өкілдері тарапынан барлығы 10 500-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. 2025 жылдың 12-15 тамыз күндері аралығында да Солтүстік өңірлерден келген делегаттармен Кентау, Арыс, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Сауран және Шардара аудандарында кездесулер ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері қатысушыларға 1341 бос жұмыс орнын ұсынды. 15-19 қыркүйек күндері аралығында Павлодар облысынанан келген делегаттармен Түркістан қаласы мен Ордабасы, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында кездесулер ұйымдастырылды.
1500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған кездесулерге 800-ге жуық адам қатысты. 4 қазан күні Сарыағаш ауданына Шығыс Қазақстан облысынан 30-ға жуық өкілден тұратын делегация келіп, 13 аудан, қаладан 1746 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 400-ге жуық адам қатысып, 40-қа жуық адам қоныс аударуға ниет білдірді. Ал, 19-21 қараша күндері аралығында Солтүстік Қазақстан облысынан келген делегация Төлеби, Сайрам, Түлкібас аудандарында және Түркістан қаласындақоныс аударуды іске асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

– Мұндай жәрмекелердің қандай тиімділі бар?
– Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнап, бос жұмыс орындары ұсынылады. Бұдан бөлек, қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға жан-жақты ақпараттық-кеңестік қолдау көрсетіледі.
– Ерікті көші-қон жұмыстарының жемісті болуына атсалысып жатқан басқа да тұлғалар бар ма?
– Әрине, бар. Қазақстанның солтүстік өңірлеріне халықты ерікті түрде қоныстандыру жұмыстарына өңір журналистері, қоғам белсенділері мен облыстық мәслихаттың депутаттары да өз үлестерін қосып келеді. Атап айтар болсақ, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңабай Ағабеков есімді азамат 2016 жылдан бастап тұрғындарға солтүстіктегі елді мекендерді таныстыру үшін жұмыс сапарларын ұйымдастырып келе жатыр. Яғни, арнайы көлік әзірлеп, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдерімен бірге ақпараттық жұмыстарды атқарады. Азаматтарды ұйымдастыру, тасымалдау, көшіруге жәрдемдесу жұмыстарына да атсалысып жатыр. Мәселен, 2025 жылдың маусым айында елуге жуық қоныс аударуға ниетті азаматты Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына, шілде айында қырыққа тарта азаматты Абай және Өскемен облыстарына апарып, көшіп баратын елді мекендермен таныстырып келді. Бұл мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып жатқан үлкен қолдаудың бірі.

– Ерікті көші-қон жұмыстары биыл да жалғаса ма?
– 2026 жылға республика бойынша 5997 квота бөлініп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді. Олар – Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары. Жыл басынан бері бұл өңірлеріне 53 отбасы, жалпы 230 адам қоныс аударған. 2026 жылдың 12 ақпанында солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыру мақсатында Қостанай облысы делегаттарының қатысуымен кездесулер өткізілді. Іс-шаралар Кентау, Түркістан қалалары мен Сауран ауданындағы мансап орталықтарында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да бағдарламаға енген өңірлер өкілдерінің қатысуымен ауқымды жәрмеңкелер өткізу көзделіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Б.Мейірханұлы,


