Вице-премьер 2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 миллиард теңге қаржы бөлінетінін мәлім етті.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жөніндегі депутаттық сауалға жауап берді, деп жазады Express Qazaqstan.
Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысының орынбасарына дәрігерлердің жалақысына қатысты сауал жолдаған.
Вице-премьер 2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 миллиард теңге қаржы бөлінетінін мәлім етті.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру аясында 2020-2025 жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған, дейді Ералы Тоғжанов.
Биылғы 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға (246,1 мыңнан 319,9 мың теңгеге), орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға (144,6 мыңнан 173,5 мың теңгеге) көтерілген.
2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есеге дейін, яғни 561 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр, - дейді вице-премьер.
Ол үшін бюджеттен 2023 жылға 557,4 миллирд теңге көзделген.