"Ескі УАЗ қызметтен шығарылған жедел жәрдемнің бөлшектерімен жөнделген": Алматы облысында құтқарушы жол апатынан қаза тапты

0
58

Жол апаты 12 желтоқсан күні Алматы – Қапшағай – Бақанас тасжолында болған.


Фото: t.me/halyqstan

ERNUR.KZ. Алматы облысында жол апатынан құтқарушы қаза тапты. Марқұмның туыстары жол апатына ескі УАЗ көлігі себеп болды деп есептейді, деп жазады stan.kz.

Жол апаты 12 желтоқсан күні Алматы – Қапшағай – Бақанас тасжолында болған.

Halyqstan Telergram арнасының мәліметінше, көлікте Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері болған. Көктайғақ салдарынан автокөлік аударылып кеткен. Жол апатынан аман қалған жолаушы жолға шығып, көмек шақырған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері жүргізушінің көз жұмғанын анықтады.

Қаза тапқан құтқарушы Фархад Аманбаевтың туыстары жол апатына ұшыраған УАЗ көлігінің қызметтен шығарылған жедел жәрдем көлігінің бөлшектерімен жөнделгенін айтады. Олардың пікірінше, бұл көлік қызметке жарамсыз болған.

Туыстары дәлел ретінде Фархад Аманбаевтың қайғылы оқиғадан бір сағат бұрын көлік рөлінде түсірген видеосын жариялады. Видеода құтқарушы көлікті жөндеген әріптестеріне шағымданады.

Басқа кадрларда дәл сол УАЗ көлігін құтқарушылар оны өз күштерімен жөндеп жатқаны көрсетілген.

Сонымен қатар құтқарушылардың сол көлікті жөндеуге 6000 теңгеден ақша жинағаны көрсетілген құжат та жарияланды.

Туыстары құтқарушының өліміне ескі техниканы пайдалануға берген ТЖД басшылығын кінәлайды.