Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС цифрлық тауарлы сүт фермасы, «Қызылжар Жем» ЖШС шаруашылығы және «Eurasian milk» ЖШС сүт өңдеу зауытына барды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы шаруашылықтар арасында сүт өндіру көлемі бойынша екінші орында тұр және еліміздегі сүт өңдеу көлемінің шамамен 1/6 бөлігін қамтамасыз етеді.
Есіл ауданының Корнеевка ауылында Олжас Бектенов «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС заманауи цифрлық тауарлы сүт фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеевтің айтуынша, фермада 2,5 мың сүтті ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сиыр бар. Голштин-фриз тұқымды мал Мажарстан, Германия, Дания және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысына бейімделген Германиядан әкелінген алғашқы 300 бас мал биыл күзде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өткізіледі.
Олжас Бектенов Westfalia компаниясының 40 басқа арналған автоматтандырылған сауу залын, сондай-ақ табын мен өндіріс процестерін басқарудың цифрлық жүйелерін көрді. Фермада сауылған сүт көлемінің автоматтандырылған есебін жүргізуге, жабдық жұмысын қадағалауға, жануарлардың жағдайын, олардың белсенділігі мен өнімділігін бақылауға мүмкіндік беретін DairyPlan және CowScout шешімдері қолданылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ферма шамамен 11 мың тонна сүт өндірді. Жыл басынан бері өндіріс көлемі шамамен 3 мың тоннаны құрады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру туралы баяндады. Өңірде 118 тауарлы сүт фермасы, 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде қуаттылығы жылына 600 млн жұмыртқадан асатын 6 жұмыртқа бағыты бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6% өсіммен 208 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 82 мың тоннаға, сүт 382 мың тоннаға, жұмыртқа 631 млн данаға жетті.
Премьер-министр мемлекет басшысы шаруаларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Тауарлы сүт фермаларын дамыту президенттің АӨК-дегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі нақты міндетіне сәйкес келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады, қайта өңдеу үшін шикізат базасын кеңейтеді әрі ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамту ісін қалыптастырады.
Олжас Бектенов облыс басшылығы мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдан бері ветеринария саласы кейінгі 14 жылда алғаш рет жүйелі дамуға қажетті қаржы алды. Соңғы екі жылда республика бойынша жалпы құны 9,1 млрд теңге болатын 600-ге жуық ветеринарлық нысан салынды.
«Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай қолайлы болып отыр. Соңғы үш жылда біздің өңірде бруцеллез 12 есе азайды, қолайсыз пункттер 7 пунктке төмендеді деген ұйғарым алдық. Аурудың күрт өршу ошағы қысқарды. Бұл үшін барлық жағдайлар жасалған, биыл республикалық бюджеттен 57 ветеринариялық пункт пен 2 ветеринариялық станса салуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Ветеринариялық пункттердің құрылысы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ветеринариялық саулықты сақтауға елеулі қолдау болмақ, оларда ветеринариялық манипуляциялардың барлық спектрі жүргізіледі», – деп баяндады Марат Тасмағанбетов.
Айта кетерлігі, елімізде жылына барлығы шамамен 1 млн тонна сүт өндіретін 373 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау үшін жылына шамамен 600 мың тонна сүт өндіретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 71 ферма пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 19 ферманың құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Өңірді дамытуға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізу және Digital Aimaq жобасын жүзеге асыру туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев баяндады. Бүгінгі таңда СҚО-да ауыл тұрғындарына заманауи технологиялар мен цифрландыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретін 10 аудандық және 3 ауылдық креативті IT-орталықтары жұмыс істейді. Жыл соңына дейін өңірдегі ауылдарда осындай тағы 11 орталықты іске қосу жоспарлануда.
SKO Hub және Qyzyljar Creative Center алаңында 3 мыңнан астам адам цифрлық дағдыларға оқытудан өтті, 400-ден астам іс-шара өткізілді, 30 стартап құрылды, инвестициялар тартылуда. Аталған жұмысты осығын ұқсас қытайлық Digital village жобасы аясында кеңейту мәселесі пысықталуда.
Руслан Әлішев сондай-ақ Digital Qyzyljar IT-паркін құру жоспары туралы баяндады. Бұл өңірлік IT-компаниялардың өсуі үшін жағдай жасауға, Digital Aimaq өңірлік жобасын үйлестірудің бірыңғай орталығын қалыптастыруға және облыс экономикасының негізгі салаларының цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Қызылжар Жем» ЖШС қожалығының аумағында премьер-министр егін егу жұмыстарының қорытындысымен танысып, дәнді дақылдардың ультраерте сұрпының алқабын тексерді. Кәсіпорын аралас ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған.
Кәсіпорын директоры Данияр Анафин тәжірибе алаңында Secobra Recherches S.A. компаниясының француздық сұрыптаудан шыққан Calixo сұрпының жұмсақ жаздық бидайын себу жоспарланып отырғанын айтты. Сұрып ерте пісетін дақыл түріне жатады, вегетациялық кезеңі 85 күн және өнімділігі жоғары. Calixo бұған дейін топырақ-климаттық жағдайлары Солтүстік Қазақстан облысына жақын Батыс Сібір өңірлерінде жоғары тиімділігін дәлелдеген. Қолайлы жылдары аталған сұрыптың өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жеткені атап өтілді. Экономикалық тиімділігі бойынша бұл сұрып жоғары табысты бірқатар дақылмен бәсекелесе алады, бұл оны Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірісіне одан әрі енгізу үшін перспективалы етеді. Ерте пісетін бидайды өсіру жұмыстарын «Солтүстік-Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы сүйемелдейді.
Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті. Олжас Бектенов шаруаларды егін егу науқанының аяқталуымен құттықтады. Қазақстан бидайды ірі экспорттаушылардың ондығына кіреді және әлемдік ұн нарығында көшбасшылық позициясын сақтап отыр.
«Президенттің тапсырмасы бойынша үшінші жыл қатарынан аграрлық секторға ауқымды қолдау көрсетілуде. Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын жалпы қаржыландыру көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Нәтижесін көріп отырмыз: соңғы екі жылда жақсы өнім алынды. Бүгінде біздің астық әлемнің 70 еліне экспортталады. Қазақстан әлемдегі астық жеткізуші он елдің қатарына кіріп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуінің және фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз жұмысты одан әрі жалғастырамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Кең дала-2» бағдарламасы бізге қолдау көрсетті. Бүгінде біз қаржыландыруды жоспарлауға мүмкіндік алдық, қаражаттың уақтылы түсуіне сенімділік бар – бұл өте жақсы мүмкіндік. Тыңайтқыштың уақытында келетінін немесе келмейтінін білмейтін уақыттар болды. Бүгінде біз тыңайтқыштарды тұрақты түрде алып отырмыз. Соңғы жылдары дизель отынына қатысты мәселелер шешілді, біз іс жүзінде ешқандай қиындық көріп отырған жоқпыз. Бұл үшін Президентке шынайы алғысымызды білдіреміз. Біздің міндетіміз – жақсы өнім алып, өңіріміздің дамуын қамтамасыз ету және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру. Сонымен қатар біздің механизаторлардың жалақысы қаладағы еңбекақы деңгейінен кем емес», – деді «СК Вагулинское» ЖШС директоры Виктор Редин.
«Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев егіс жұмыстарының жүргізілуінде мемлекеттік қолдау шараларының маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Шаруалар 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелерді, арзандатылған минералды тыңайтқыштарға қолжетімділікті және қажетті көлемдегі жанар-жағармай материалдарын уақтылы алды. Бұл барлық агротехнологиялық шараларды оңтайлы мерзімде және талаптарға сай жүргізуге мүмкіндік берді.Өндірістік үдерістерді цифрландырудың маңызына бөлек назар аударылды.
Сала алдында әр гектардың кіріс көлемін заманауи технологиялар арқылы және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру есебінен арттыру міндеті тұр. Премьер-министр АӨК-де қолданылып жатқан цифрлық шешімдермен, соның ішінде пилотсыз ұшу аппараттарымен, метеостансалармен және анализаторлармен танысты. Оларды пайдалану егістіктің жағдайын дәлірек бағалауға, агротехникалық жұмыстарды жоспарлауға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы өңірде егіс алқаптарын әртараптандырудың жоғары деңгейіне қол жеткізілді: елдегі майлы дақылдардың шамамен төрттен бірі дәл Солтүстік Қазақстан облысында өсіріледі.
Сондай-ақ премьер-министрге түйіршіктелген жоңышқа зауытын салу бастамасы да таныстырылды. Жоба жемшөп базасын дамытуға және мал шаруашылығын тағамдық құндылығы жоғары сапалы жеммен қамтамасыз етуге бағытталған. «Эталон Агро» компаниялар тобының бас директоры Медет Төлегенов жобаны табысты жүзеге асырудың маңызды шарты суармалы егіншілікті дамыту болып саналатынын атап өтті, ол бір маусымда екі-үшке дейін жоңышқа шабуға, шикізаттың тұрақты сапасын және өндірістік қуаттардың біркелкі жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыттың жыл бойы жұмыс істеуі үшін қосымша бағыт – түйіршіктелген зығыр және бидай сабанынан биоотын шығару пысықталуда.
Петропавл қаласында премьер-министр «Eurasian Milk» ЖШС сүт өңдеу зауытында өндірістің технологиялық процесімен және шығарылатын дайын өнім түрлерімен танысты. Директор Андрей Гриценко кәсіпорын швейцариялық технологиялар негізінде жұмыс істейтінін, терең өңделген өнім өндіруге, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталғанын баяндады. Зауыт өңірдегі фермерлік шаруашылықтар жеткізетін қазақстандық шикізатты пайдаланады. Мұнда жыл сайын 7 мың тоннадан астам қатты және жұмсақ ірімшік, 12 мың тоннадан астам сары май, шамамен 12 мың тонна қоюлатылған сүт, сондай-ақ 20 мың тоннадан астам сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдері өндіріледі. 2026 жылдың соңына дейін жылдық қуаты 6 мың тоннадан асатын жаңа өнім – крем-чиз өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы кәсіпорында 24 түрлі өнім шығарылады. Өнімдер ішкі нарықпен қатар Ресейге, Әзербайжанға және Қырғызстанға экспортталады. Қазіргі уақытта өндіріс жобалық қуатының 50%-ы көлемінде жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, кәсіпорынның толық қуатқа шығуын жеделдету үшін қажетті барлық қолдау шараларын көрсетуді тапсырды.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, өңдеу, жемшөп өндірісін және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды дамыту үшін фермерлерді қолдауды жалғастыруды, жаңа тауарлы сүт фермаларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ отандық өнімнің нарықтағы ілгерілеуіне жәрдемдесуді тапсырды.


